Қазақстанда Meta Ray-Ban көзілдірігі: Видеоға рұқсатсыз түсіруге бола ма және ол үшін қандай жауапкершілік қарастырылған?

 Freepik.com 8 Қазан 2026, 07:30
8 Қазан 2026, 07:30
263
Фото: Freepik.com

Meta Ray-Ban ақылды көзілдірігі сырт көзге кәдімгі көзілдіріктен аса ерекшелігі жоқтай көрінеді. Алайда оған орнатылған камера көзілдірік иесіне фотоға түсіріп, видео жазуға мүмкіндік береді. Мұндай құрылғылар кең таралған сайын кадрға түсіп қалған адамдардың құқығы қалай қорғалатыны туралы мәселе де өзекті бола түсуде. Өйткені айналадағы адамдар түсірілім жүріп жатқанын байқамауы мүмкін.

BAQ.KZ тілшісі Қазақстанның Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігіне сауал жолдап, Meta Ray-Ban көзілдірігіне қатысты арнайы шектеулер бар-жоғын, қандай жағдайда адамның келісімі қажет екенін және дербес деректер туралы заң талаптары бұзылған жағдайда қандай жауапкершілік қарастырылатынын анықтады.

Қазақстанда Meta Ray-Ban үшін арнайы заң жоқ

Қазақстан заңнамасында камерасы бар ақылды көзілдіріктер жеке санат ретінде қарастырылмаған.

Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің BAQ.KZ-ке берген жауабына сәйкес, мұндай құрылғыларға азаматтық заңнамадағы, дербес деректерді қорғау туралы заңдағы және өзге де нормативтік актілердегі жалпы талаптар қолданылады. Бұл талаптар жазбаның қандай мақсатта түсірілгеніне және қалай пайдаланылатынына байланысты болады.

Азаматтық кодексте және дербес деректер туралы заңнамада құрылғы түріне қарай бөлек талаптар белгіленбеген. Сондықтан смартфон, бейнетіркеуіш, ақылды көзілдірік немесе басқа да құрылғылар пайдаланылған жағдайда Қазақстан Республикасының жалпы заң талаптары қолданылады, – деп хабарлады министрлік.

Яғни көзілдірікке камера орнатылғанының өзі оның иесіне қандай да бір ерекше құқықтық мәртебе бермейді.

Сонымен қатар, Азаматтық кодекстің 145-бабы адамның өз бейнесіне қатысты құқығын қорғайды. Бұл бапта заңда көзделген жағдайларды қоспағанда, адамның бейнесін оның келісімінсіз пайдалануға болмайтыны көрсетілген.

Адамның келісімі қажет пе?

Meta Ray-Ban көзілдірігінің ерекшелігі – айналадағы адамдар оның камерасы бар құрылғы екенін бірден аңғармауы мүмкін.

Алайда министрлік өкілдерінің айтуынша, түсіру тәсілі заң талаптарын өзгертпейді.

Түсірілім ақылды көзілдірікпен немесе смартфон арқылы жүргізілгеніне қарамастан, адамның бейнесін пайдалану оның келісімімен ғана жүзеге асырылады. Бұған заңда көзделген жағдайлар ғана ерекшелік бола алады, – делінген ведомство жауабында.

Сондай-ақ адамның кадрға кездейсоқ түсіп қалуы мен оның түрін кейін пайдалану құқықтық тұрғыдан екі бөлек мәселе саналады.

Meta түсірілім туралы айналадағы адамдарға қалай ескертеді?

Фото немесе видео түсіріліп жатқан кезде көзілдіріктің алдыңғы бөлігіндегі ақ түсті жарық индикаторы – capture LED жанады.

Meta компаниясы түсірілім индикаторы жабылып қалған жағдайда камераның жұмыс істеуіне жол бермейтін техникалық қорғаныс жүйесін де енгізген. 2026 жылдың шілдесінде бұл механизм күшейтіліп, жүйе индикаторға әдейі кедергі келтіру немесе оны зақымдау әрекеттерін анықтайтын болды. Мұндай жағдайда камера автоматты түрде өшіріледі.

Дегенмен жарық индикаторы заң талаптарын алмастырмайды.

Ақылды көзілдірікпен түсірілім жүргізілген кезде жарық индикаторы айналадағы адамдарға жазба жүріп жатқанын көрсетеді. Бірақ адамның түсірілім туралы білмеуі заң талаптарын сақтамауға негіз бола алмайды, – деп түсіндірді министрлік.

Кадрдағы адамның бет-бейнесі дербес дерек санала ма?

Министрлік адамның бет-бейнесі дербес деректердің идентификаторлары қатарына жататынын түсіндірді.

Бұл норма заңнамада нақты көрсетілген. Идентификаторларға адамның аты-жөні, ЖСН, бет-бейнесі, сондай-ақ бет-әлпеттің биометриялық векторы мен одан алынған деректер кіреді.

Жазбаның кейін қалай пайдаланылатыны да маңызды. Мысалы, адамның кім екенін анықтау үшін қолданыла ма, үшінші тұлғаларға беріле ме немесе қандай да бір ақпараттық жүйеге жүктеле ме – осының бәрі құқықтық баға беруге әсер етеді.

Жазбаны жасанды интеллект қызметіне жүктеу қандай жағдайда мәселе тудырады?

Егер бейнежазба адамның жүзін тану, жеке басын анықтау немесе басқа да дербес деректерді өңдеу мақсатында қолданылса, қосымша талаптар күшіне енеді.

Заң бойынша дербес деректерді жинау және өңдеу адамның келісімімен немесе заңда көзделген өзге негіздер болған жағдайда ғана жүзеге асырылуы тиіс. Мұндай өңдеудің мақсаты нақты әрі заңды болуы қажет, ал жиналатын деректер көлемі артық болмауы керек.

Бейнежазбаны бет-әлпетті тану, суретті талдау немесе өзге де өңдеу мақсатында беру субъектінің келісімімен немесе заңда көзделген басқа негіз болған жағдайда ғана жүзеге асырылуы тиіс, – деп хабарлады министрлік.

Сонымен қатар 2026 жылдан бастап қоғамдық орындарда биометриялық деректер жинау және адамның жеке басын анықтау технологияларын қолдану заңмен жеке реттеледі. Мұндай технологияларды келісімсіз пайдалану тек қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және құқықтар мен бостандықтарды қорғау сияқты заңда белгіленген мақсаттар үшін ғана рұқсат етіледі.

Дербес деректерді сақтау тәртібі де заңмен реттелген. Олар Қазақстан аумағында орналасқан деректер базасында немесе цифрлық нысанда сақталуы тиіс.

Егер сізді түсіріп, интернетке жарияласа не істеу керек?

Құқықты қорғау тәртібі нақты жағдайға байланысты.

Егер жарияланған материалда адамның жеке басын анықтауға мүмкіндік беретін дербес деректер болса, азамат дербес деректерді қорғау саласындағы уәкілетті органға жүгіне алады.

Ал мәселе адамның бейнесін заңсыз пайдалануға қатысты болса, онда құқық азаматтық заңнама аясында қорғалады.

Егер тек адамның бет-бейнесі ғана таратылған болса, азаматтың өз бейнесіне қатысты құқығын қорғау мәселесі азаматтық заңнамаға сәйкес қаралады және сот тәртібімен шешіледі, – деп түсіндірді ведомство өкілдері.

Сонымен қатар, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 79-бабында дербес деректерді заңсыз жинау немесе өңдеу үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылған.

Егер әрекетте қылмыстық құқық бұзушылық белгілері болса, Қылмыстық кодекстің 147-бабы қолданылуы мүмкін. Бұл бап жеке өмірге қол сұғылмаушылықты және дербес деректер туралы заңнаманы бұзуға қатысты.

Осылайша, заң бұзушылықтың сипатына қарай азаматтық-құқықтық, әкімшілік және кей жағдайда қылмыстық жауапкершілік те туындауы мүмкін.

Ақылды көзілдіріктерге қатысты бөлек ережелер енгізіле ме?

Қазіргі уақытта Қазақстанда Meta Ray-Ban немесе камера мен микрофон орнатылған басқа да тағылатын құрылғылар үшін арнайы құқықтық режим қарастырылмаған.

Қазіргі кезде Қазақстан Республикасының заңнамасында ақылды көзілдіріктер мен камера және микрофон орнатылған өзге де тағылатын құрылғыларға қатысты жеке құқықтық режим белгіленбеген, – деп хабарлады министрлік BAQ.KZ-ке берген жауабында.

Яғни Қазақстанда Meta Ray-Ban көзілдірігін пайдалануға тыйым салынбаған. Бірақ көзілдірікке орнатылған камера смартфонмен салыстырғанда иесіне қосымша құқық бермейді. Бейне немесе фотоны пайдалану, жариялау, тарату және дербес деректерді өңдеу кезінде заңның жалпы талаптары сақталуы тиіс.

Сондықтан мұндай құрылғыларды пайдаланудағы басты мәселе – жазбаны жасырын түсіру мүмкіндігі емес, түсірілген материалдың кейін қалай қолданылатыны.

Наверх