Сенаторлар «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» заң мен ілеспе құжатты мақұлдады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Жаңа заң «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» 2024-2029 жылдарға арналған мемлекеттік қызметті дамыту тұжырымдамасын іске асыру мақсатында әзірленген.
Жаңа заң мемлекеттік қызмет жүйесінің тиімділігін арттыруға, мемлекеттік қызметтегі білікті салалық мамандардың тапшылығын толтыруға, сондай-ақ мемлекет ұсынатын қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін және азаматтардың мемлекеттік қызметшілердің жұмысына қанағаттану деңгейін арттыруға, осылайша азаматтардың мемлекеттік қызметке деген сенімін нығайтуға мүмкіндік береді, - деп атап өтті депутат Евгений Больгерт Сенаттың жалпы отырысында.
Сонымен қатар заңда мемлекеттік қызметтің тартымдылығын арттыру және білікті мамандарды ұстап қалуға бағытталған бірқатар шара қарастырылған. Атап айтқанда, бір лауазым шеңберінде көлденең мансаптық өсудің тетігі енгізіледі.
Бір лауазым ішінде еңбекақысы әртүрлі төрт деңгей белгіленеді, ал қызметтік өсу нәтижелерді бағалау, оқыту және тағылымдамадан өту қорытындысына қарай жүзеге асады. Сондай-ақ мемлекеттік қызметшілердің жалақысын кемінде үш жылда бір рет міндетті түрде индексациялау нормасы бекітіледі. Әлеуметтік кепілдіктерге де ерекше назар аударылған. Мемлекеттік қызметшілер басқа елді мекенге ауысқан жағдайда көтерме жәрдемақы мен көшу шығындарын өтеу қарастырылған. Бұдан бөлек, кемінде 25 жыл еңбек өтілі бар және мемлекеттік немесе ведомстволық наградалары бар қызметкерлерге зейнетке шыққанда төрт айлық көлемінде біржолғы сыйақы төлеу көзделген, - деді сенатор.
Мемлекеттік қызмет өтіліне қарай қосымша ақылы демалыс күндері енгізіледі: 10 жылдан асқан жағдайда – 3 күн, 15 жылдан бастап – 5 күн, ал 20 жылдан жоғары болса – 10 күн беріледі.
Сондай-ақ отбасылық жағдайларға байланысты қысқамерзімді ақылы демалыс (10 күнтізбелік күнге дейін) қарастырылған.
Бұдан бөлек, заңсыз жұмыстан босатылған немесе қызметі төмендетілгеннен кейін қайта қызметке қалпына келтірілген мемлекеттік қызметшілерге кепілдіктер мен өтемақы төлемдері қарастырылған. Яғни оларға жалақысы немесе жалақы айырмасы алты айдан аспайтын кезең үшін төленеді.