Қазақстанда мемлекеттік мүлікке цифрлық паспорт енгізіледі

 gov.kz 23 Қыркүйек 2026, 20:10
23 Қыркүйек 2026, 20:10
100
Фото: gov.kz

Елімізде мемлекеттік мүлік туралы мәліметтерді бір жүйеге біріктіріп, әр нысанға цифрлық паспорт жасау жоспарланып отыр. Жоба e-Qazyna платформасы негізінде жүзеге асырылады.

Цифрлық профильде нысанның орналасқан жері, жағдайы және пайдаланылуы туралы ақпарат жинақталады. Сондай-ақ онда объектінің өмірлік циклі, фотосуреттері мен географиялық координаттары сақталады. Кейін жүйеге ғарыштық мониторинг деректерін де енгізу көзделген.

Қаржы министрлігінің мәліметінше, жаңа жүйе пайдаланылмай тұрған немесе тиімсіз қолданылатын мемлекеттік активтерді анықтауға мүмкіндік береді. Деректерді талдау кезінде жасанды интеллект пен Big Data технологиялары қолданылады. Мәселен болжамды талдау нысандардың тозу деңгейін алдын ала бағалап, оларды ұстау және жаңғырту шығындарын есептеуге көмектеседі.

Мемлекеттік мүлікті цифрландыру бірнеше кезеңмен жүргізіледі. 2026 жылы ғимараттар мен құрылыстардың цифрлық профильдерін қалыптастыру жоспарланған. 2027 жылы жер учаскелері, ал 2028-2029 жылдары көлік, жабдықтар және басқа да активтер қамтылады, – делінген Қаржы министрлігінің хабарламасында.

Қазіргі уақытта e-Qazyna жүйесінде мемлекеттік ұйымдарды есепке алу, электронды сауда, жекешелендіру және мемлекеттік мүлікті жалға беру секілді 40 цифрлық сервис біріктірілген.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Қазақстанда жылжымайтын мүлікке техпаспорт енді тек онлайн рәсімделеді.

Наверх