Қазақстанда мемлекеттік аудит жүйесін цифрландыруға бағытталған Smart Audit Qazaqstan (SAQ) аналитикалық платформасы әзірленіп жатыр. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Қаржы вице-министрі Әсет Тұрысов мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Вице-министрдің айтуынша, бүгінде мемлекеттік аудитке қажетті деректер әртүрлі ақпараттық жүйелерде сақталады және олар өзара толық байланыстырылмаған. Соның салдарынан талдаудың едәуір бөлігі қолмен жүргізіліп, кейбір заң бұзушылықтар бюджет қаражаты жұмсалып кеткеннен кейін ғана анықталады.
Сондықтан біз Smart Audit Qazaqstan (SAQ) – тәуекелдердің салдарын жоюдан оларды алдын ала анықтауға көшуге мүмкіндік беретін аналитикалық платформаны құруға кірістік, – деді Әсет Тұрысов.
Жаңа жүйе мемлекеттік деректерді бірыңғай цифрлық кеңістікке біріктіріп, ықтимал заң бұзушылықтарды автоматты түрде анықтауға мүмкіндік береді. Осы арқылы қаржылық шығын туындамай тұрып тиісті шешім қабылдауға жол ашылады.
Платформаға аудит және бағалау компанияларының деректері де енгізіледі. Вице-министрдің айтуынша, бұл ақпарат тәуекелдердің толық көрінісін қалыптастырып, ықтимал проблемаларды алдын ала анықтауға көмектеседі.
SAQ платформасы кезең-кезеңімен іске қосылады. Жыл соңына дейін оның негізгі бөлігін құрып, тәуекелдерді басқару жүйесін іске қосу жоспарланған.
2027 жылы аудит және бағалау компанияларын жүйеге қосу көзделсе, 2028 жылы құқық қорғау органдарын интеграциялау жоспарланып отыр. Нәтижесінде мемлекеттік аудиттің бірыңғай цифрлық экожүйесі қалыптаспақ.
Нәтижесінде мемлекет тиімді әрі превентивті аудитке, бизнес – ашық әрі түсінікті ережелерге, ал азаматтар бюджет қаражатының ұтымды пайдаланылатынына көбірек сенімге ие болады, – деді ол.
Онлайн бюджет мониторингі кеңейіп жатыр
Smart Audit Qazaqstan платформасының жекелеген элементтері қазірдің өзінде тәжірибеде қолданылып жатыр.
Атап айтқанда, биыл жалақы төлемдеріне жүргізілетін Онлайн бюджет мониторингінің қамту аясы 140%-ға кеңейтілген. Оның нәтижесінде осы саладағы өрескел әрі резонансты заң бұзушылықтардың саны іс жүзінде барынша азайған.
Сонымен қатар Қаржы министрлігі мемлекеттік қолдау шараларына қатысты Онлайн бюджет мониторингін де кеңейтіп жатыр. Бұл заң бұзушылықтарды ерте кезеңде анықтап, алдын алуға мүмкіндік береді.
Әсет Тұрысовтың айтуынша, Қаржы министрлігінің цифрлық трансформациясы тек жаңа ақпараттық жүйелерді енгізумен шектелмейді.
Бұл – мемлекеттік қаржыны деректер негізінде басқаруға, превентивті бақылауға, әкімшілік жүктемені азайтуға және бюджеттегі әр теңгенің қайтарымын арттыруға көшу, – деді Қаржы вице-министрі.