Қазақстанда мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс қағидалары жаңарды

Жаңа нормалар 2026 жылғы 12 шілдеден бастап күшіне енеді.

 magnific.com Бүгiн 2026, 07:48
Бүгiн 2026, 07:48
144
Фото: magnific.com

Мемлекет басшысының Ұлттық құрылтайдың IV отырысында берген тапсырмасына сәйкес, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс критерийлерін жетілдіру бағытында кешенді жұмыс жүргізді. Бұл жұмысқа үкіметтік емес ұйымдар мен сарапшылар қауымдастығының өкілдері тартылды.

Тапсырманы жүзеге асыру мақсатында арнайы жұмыс тобы құрылып, бірқатар бағыт бойынша кездесулер мен талқылаулар өткізілді. Сонымен қатар, саладағы өзекті мәселелер зерделеніп, халықаралық тәжірибе сараланды.

Жүргізілген жұмыстың нәтижесінде мемлекеттік әлеуметтік тапсырысқа қатысты мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидаларына өзгерістер енгізілді. Тиісті №297 бұйрыққа 2026 жылғы 8 мамырда қол қойылды. Жаңа нормалар 2026 жылғы 12 шілдеден бастап күшіне енеді.

Өзгерістер жобаларды қаржыландыру көлеміне қарай сараланған тәсілді енгізуді, жергілікті үкіметтік емес ұйымдарды қолдауды, мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс нәтижелерін бағалау кезіндегі теріс мәндерді алып тастауды, сондай-ақ техникалық сипаттамалардың бірыңғай нысандарын бекітуді көздейді.

Министрлік мәліметінше, қабылданған шаралар мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс жүйесінің ашықтығы мен тиімділігін арттыруға, сондай-ақ конкурстық рәсімдерді жетілдіруге бағытталған.

Қазіргі уақытта жаңа нормаларды түсіндіру жұмыстары басталып кетті. Осыған байланысты Қазақстанның Азаматтық альянсының өңірлік көшбасшылары мен жергілікті атқарушы органдар өкілдеріне арналған арнайы семинар ұйымдастырылды. Министрлік алдағы уақытта да түсіндіру шараларын жалғастыратынын мәлімдеді.

Наверх