Қазақстанда мектеп директорларының тапшылығы үш есеге азайды. Бұл туралы Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев облыс әкімдерінің орынбасарларымен өткізген кеңесте мәлімдеді. Кеңесте мектеп директорларын бос лауазымдарға тағайындау мәселесі қаралды, деп хабарлайды BAQ.KZ Оқу-ағарту министрлігіне сілтеме жасап.
Министрдің айтуынша, 2023 жылдан бастап іске асып жатқан "Білім берудегі өзгерістердің 1000 көшбасшысы" жобасы аясында жаңа буын басқарушыларды даярлау қолға алынған. Екі жыл ішінде іріктеуден өткен 583 маман республикалық кадр резервіне енсе, 2025 жылы тағы 400 үміткер арнайы оқудан өтеді деп күтілуде.
Жоба нақты нәтиже берді – мектептерде жаңашыл әрі ынталы менеджерлер қалыптасуда. Енді бұл процесті жүйелеу қажет. Тамыз айында барлық бос лауазымдарға басқарушыларды тағайындау аяқталуы тиіс, – деді Ғани Бейсембаев.
Министр жобаның тек кадр тапшылығын жою емес, сонымен қатар білім беру жүйесіндегі басқару мәдениетін жаңғыртуға бағытталғанын атап өтті. Осы мақсатта "Өрлеу" біліктілікті арттыру ұлттық орталығы арқылы 4 мыңға жуық мектеп директоры қысқа мерзімді курстардан өтті.
Алайда министр бірқатар өңірлерде кадр резервінің әлеуеті толық пайдаланылмай отырғанына назар аударды. Атап айтқанда, Алматы, Қарағанды, Абай, Павлодар және Түркістан облыстарында директорлық лауазымдарға қажеттілік жоғары болып тұр.
Ғани Бейсембаев білім басқармаларына тамыз айында қалған барлық бос орындарға директорларды тағайындауды аяқтауды тапсырды. Бұл тапсырманың орындалуына өңірлік білім басқармаларының басшылары дербес жауап береді.