Қазақстанда медициналық тексеруден өту үшін міндетті демалыс енгізіледі

Сенат еңбек заңнамасына енгізілетін түзетулерді мақұлдады

 ©BAQ.KZ архиві/Артем Чурсинов Бүгiн 2026, 11:22
Бүгiн 2026, 11:22
270
Фото: ©BAQ.KZ архиві/Артем Чурсинов

Қазақстанда жұмыс берушілер қызметкерлерге скринингтен өту үшін жалақысы сақталатын уақыт беруге міндеттеледі, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Сенаторлар еңбеккерлердің құқығын қорғауға, еңбек қауіпсіздігін күшейтуге және әлеуметтік әріптестікті дамытуға бағытталған еңбек заңнамасына енгізілетін түзетулерді мақұлдады.

Медициналық тексеруге арналған демалыс

Негізгі жаңалықтардың бірі – жұмыс берушілер қызметкерлерді медициналық скринингтен өту үшін жұмыстан босатуға міндетті болады. Бұл кезде қызметкердің жұмыс орны мен орташа жалақысы сақталады.

Егер жұмыс беруші мұндай мүмкіндік беруден бас тартса, жауапкершілікке тартылады.

Сонымен қатар цифрлық механизм енгізіледі. Медициналық ұйымдар қызметкерлердің скринингтен өту қажеттігі туралы жұмыс берушілерге хабарлап отырады.

Жеке өмірді қорғау және міндеттемелердің орындалуы туралы есеп

Түзетулер басқа да өзгерістерді қамтиды. Атап айтқанда, әлеуметтік әріптестік жүйесі күшейтіледі – еңбек қатынастарының тараптары келісімдердің орындалуы жөнінде тұрақты түрде есеп беруге міндеттеледі.

Бұдан бөлек, қызметкерлердің құқықтары кеңейтіледі. Заңда жеке өмірге қол сұқпау, сондай-ақ жұмыс орнында ар-намыс пен қадір-қасиетті құрметтеу нормалары бекітіледі.

Қауіпсіздік

Сонымен қатар жұмыс берушілер қауіпсіз еңбек жағдайын қамтамасыз етуге міндеттеледі. Ал техникалық инспекторлардың кәсіпорын ішіндегі бақылау жүргізу өкілеттігі кеңейеді.

Қабылданған шаралар еңбеккерлердің әлеуметтік қорғалуын күшейтуге және еңбек қатынастарының ашықтығын арттыруға бағытталған.

 

Наверх