Қазақстанда күшті әсер ететін препараттардың заңсыз айналымына қатысы бар екі қылмыстық топтың қызметі тоқтатылды. Қазан айында Көкшетау, Щучинск, Бурабай курорттық аймағы, Қарағанды және Теміртау қалаларында жүргізілген арнайы операциялар нәтижесінде барлығы 21 адам ұсталды.
Көкшетау, Щучинск және Бурабай аумағында препараттарды жеткізу мен таратуды ұйымдастырған топтың 11 мүшесі қолға түсті. Олардың арасында фармацевтикалық компаниялардың иелері мен қызметкерлері, курьерлер бар. Тінту кезінде «Тропикамед» препаратының 50 мыңнан астам құтысы және соған ұқсас басқа препараттардың шамамен 4 мың бірлігі тәркіленді. Сонымен қатар атыс қаруы, оқ-дәрілер, автокөліктер мен ірі көлемдегі ақша қаражаты, оның ішінде шетел валютасы анықталды.
Ал Қарағанды мен Теміртауда жергілікті қылмыстық орта өкілдерінен құралған 10 адамдық топ ұсталды. Тергеу деректеріне сәйкес, олар Қарағанды облысында күшті әсер ететін психотроптық препараттарды заңсыз өткізуге қатысқан. Тінту барысында психоактивті заттар, травматикалық және суық қару тәркіленді.
Қазіргі уақытта екі дерек бойынша да сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр. Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, жүргізілген шаралар нәтижесінде қауіпті препараттарды заңсыз таратудың бірнеше арнасы жойылып, өнімдердің едәуір көлемі айналымнан алынған.