Қазақстанда көмір өнеркәсібін жаңғырту және шикізатты терең өңдеу бағытындағы жұмыстар күшейіп келеді. Энергетика министрлігі көмір химиясын жоғары қосылған құны бар өнімдер өндірудің және саланы әртараптандырудың негізгі тетіктерінің бірі ретінде қарастырады.
Қазіргі уақытта елде көмір химиясы саласындағы үш ірі жоба жүзеге асырылуда. Соның бірі – Қарағанды облысында жылына 1 миллион тонна металлургиялық кокс өндіретін зауыт құрылысы. Жоба іске қосылғаннан кейін 500-ге дейін жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде.
Сонымен қатар Павлодар және Қарағанды облыстарында көмірден дизель отынын өндіруге бағытталған екі жоба жүзеге асырылып жатыр. Әр кәсіпорынның өндірістік қуаты жылына 100 мың тоннаны құрайды.
Бұдан бөлек, тағы үш перспективалы жоба пысықталу үстінде. Қарағанды облысында таскөмір шайырын қайта өңдеу, бензол өндіру және кокс газын тазарту бағыттарын қамтитын кокс-химия өндірісін құру жоспарлануда. Абай облысында аммиак пен карбамид өндіру жобасы қарастырылып жатыр.
Сондай-ақ көмірден газ өндіру жобасы әзірленуде. Қазіргі кезде оны іске асыратын алаңды анықтау жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Мамандардың айтуынша, Қазақстанның мол көмір қоры көмірді терең өңдеу арқылы жаңа жоғары технологиялық өндірістерді дамытуға және отандық өнеркәсіптің экспорттық әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді.