Қазақстанда көлік әкелу тәртібі өзгерді: Жаңа талаптар кімге қатысты?

Көлікті жеке мақсатта әкелетіндерге де, кәсіпкерлерге де қатысты талаптар нақтыланды. Енді нені ескеру керек?

30 Қыркүйек 2026, 12:11
АВТОР
 ©BAQ.KZ архиві/Арман Мухатов 30 Қыркүйек 2026, 12:11
30 Қыркүйек 2026, 12:11
214
Фото: ©BAQ.KZ архиві/Арман Мухатов

Қазақстанға көлік әкелу кезінде жеке және коммерциялық мақсаттағы импорттың тәртібі ажыратылып, электрондық паспорт рәсімдеу, кәдеге жарату төлемін төлеу және көлік қауіпсіздігін растауға қатысты талаптар нақтыланды. Бұл туралы «Атамекен» ҰКП алаңында өткен «Импортталатын автокөлік құралдарына қосымша талаптар енгізу» тақырыбындағы дөңгелек үстелде айтылды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Көлік әкелудің мақсатына қарай тәртіп өзгереді

ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің басқарма басшысы Жанболат Алмазовтың айтуынша, кедендік рәсімдеу кезінде көліктің қандай мақсатпен әкелінетіні ескеріледі. Жеке пайдалану үшін әкелінген көлік жолаушылардың кедендік декларациясы арқылы рәсімделсе, коммерциялық мақсаттағы көлік тауарларға арналған кедендік декларация бойынша рәсімделеді.

Фото: ©BAQ.KZ/Жанерке Жәкен

Жеке тұлға көлік әкелген кезде Еуразиялық экономикалық одақ деңгейінде белгіленген бірыңғай кедендік төлем мөлшерлемелері қолданылады. Ал заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлер коммерциялық мақсатта көлік әкелсе, кедендік баж, қосылған құн салығы (ҚҚС) және қозғалтқыш көлемі 3 литрден асқан жағдайда акциз төлейді.

Бұл жерде жаңа төлем енгізіліп отырған жоқ. Негізгі мәселе – көліктің қандай мақсатпен әкелінетініне қарай кедендік рәсімнің бөлінуі, – деп түсіндірді Жанболат Алмазов.

Оның айтуынша, жеке пайдалануға әкелінетін көлікке қатысты төлем мөлшері оның шығарылған жылына, қозғалтқыш көлеміне және құнына байланысты есептеледі.

«Сұр» импортқа қатысты мәселе көтерілді

Мемлекеттік кірістер комитетінің өкілі жеке тұлғалардың атына көлік әкеліп, кейін оны коммерциялық мақсатта сататын жағдайлар бар екенін атап өтті.

Мұндай жағдайда көлік жеке пайдалану үшін әкелінгендей рәсімделгенімен, іс жүзінде оны қайта сату көзделуі мүмкін. Бұл ретте кәсіпкер ретінде тіркелу және заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлерге қойылатын тиісті міндеттемелер орындалмайды.

Ал коммерциялық мақсатта көлік әкелетін кәсіпкерлердің тұтынушылар алдындағы кепілдік міндеттемелері де бар.

Жылына бір ғана көлік әкелуге болады

ҚР Сауда және интеграция министрлігі Техникалық реттеу және метрология комитеті төрағасының орынбасары Айгүл Қасымова жеке тұлғалардың көлік импорттауына қатысты бірқатар талапты түсіндірді.

Оның айтуынша, бір адам жеке пайдалануға жылына бір ғана көлік әкеле алады. Бұл шектеу техникалық реттеу саласындағы ақпараттық жүйеге енгізіледі.

Сонымен қатар жеке тұлға әкелетін көлікке көлік құралы конструкциясының қауіпсіздігі туралы куәлік берілмейтін жағдайлар нақты белгіленген.

Атап айтқанда, көлік жеке пайдалануға арналмаған жағдайда немесе оның конструкциясына өзгеріс енгізілген болса, тиісті құжатты рәсімдеуге жол берілмейді. Мысалы, көліктің басқару тетігін оң жақтан сол жаққа ауыстыру сияқты өзгерістер де осы талапқа кіреді.

КҚЭП бес жылдан аспаған көлікке рәсімделеді

ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Өнеркәсіп комитеті төрағасының орынбасарының міндетін атқарушы Азамат Тастанның айтуынша, жеке тұлғалар әкелетін көлікке көлік құралының электрондық паспорты(КҚЭП) рәсімдеу кезінде бірнеше тексеру жүргізіледі.

Біріншіден, ақпараттық жүйе жолаушылардың кедендік декларациясында көрсетілген тұлға мен көлік иесінің деректерін салыстырады.

Екіншіден,  КҚЭП  тек шығарылғанына бес жылдан аспаған көлікке рәсімделеді.

Көлікті  КҚЭП рәсімдеу үшін арнайы сынақ зертханасына апару қажет. Мұнда Еуразиялық экономикалық комиссияның №74 шешімімен белгіленген көлік түрлері қамтылады. Олардың қатарында жеңіл автомобильдер, мотоциклдер, мопедтер, квадроциклдер, қарда жүретін көліктер, жекелеген жүк көліктері мен тіркемелер бар.

Азамат Тастан бұл өзгерістердің мақсаты көліктердің техникалық регламент талаптарына сәйкестігін қамтамасыз ету және автопаркті жаңартуға ықпал ету екенін айтты.

Зертханалардағы тексеріс бейнетаспаға жазылады

Техникалық реттеу және метрология комитетінің өкілі Айгүл Қасымова көлік қауіпсіздігін тексеретін зертханалар жұмысына да жаңа талаптар енгізілгенін мәлімдеді.

Атап айтқанда, көлікке апаттық жағдайда жедел қызмет шақыру жүйесінің батырмасын орнату процесі толық бейнетаспаға жазылады. Зертхана қызметкерінің барлық әрекеті тіркеліп, бейнежазба үш жыл бойы сақталады.

Сонымен бірге көліктің сәйкестендіру нөмірі (VIN) және сынақ кезінде автомобильдің жалпы көрінісі де бейнежазбада қамтылады.

Зертханаларда сынақ жүргізу жағдайларына қойылатын талаптар да күшейтіледі. Атап айтқанда, тиісті температуралық режим мен сынақтың сенімді өтуіне қажетті жағдай қамтамасыз етілуі тиіс.

Кәдеге жарату төлемін төлеу тәртібі өзгерді

«Жасыл даму» АҚ-ның кәдеге жарату төлемдерін қабылдауды реттеу департаментінің директоры Айжан Башеева заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлер үшін кәдеге жарату төлемін төлеу тәртібіне енгізілген өзгерісті түсіндірді.

Енді заңды тұлға немесе жеке кәсіпкер кәдеге жарату төлемін төлеуге өтініш бермес бұрын көлік құралының электрондық паспорты рәсімделуі керек. Электрондық паспорт ұлттық көлік паспорттары жүйесінен автоматты түрде алынады.

Егер КҚЭП рәсімделмесе, кәдеге жарату төлемін төлеуге өтініш беру мүмкін емес.

Ал жеке тұлғалардың өз қажеті үшін әкелетін көліктеріне қатысты тәртіп те нақтыланды. Кедендік рәсімдеу аяқталғаннан кейін емес, көлік еркін айналымға шығарылғанға дейін кәдеге жарату төлемін төлеу қажет.

Бұл үшін жеке тұлға алдымен көлік құралы конструкциясының қауіпсіздігі туралы куәлікті алуы керек. Одан кейін аталған құжат негізінде кәдеге жарату төлемін төлеуге өтініш береді.

Жаңа тәртіп 22 қыркүйектен бастап күшіне енді.

Көлікті тіркеу тәртібі өзгерген жоқ

ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Әлібек Кенісбаевтың айтуынша, көлікті мемлекеттік тіркеу тәртібіне өзгеріс енгізілген жоқ.

Көлікті тіркеу үшін электрондық көлік паспорты, кедендік рәсімдеуден өткенін растайтын мәліметтер, тиісті төлемдер мен алымдардың төленуі және көлікке меншік құқығын растайтын құжат қажет.

Қазақстанда жеке тұлғалар үшін КҚЭП қолдану міндетті талабы 2025 жылғы қаңтардан бастап енгізілген. Көлік паспорты мен кедендік рәсімдеуге қатысты мәліметтер мемлекеттік ақпараттық жүйелердің өзара интеграциясы арқылы беріледі.

Осылайша, жаңа талаптардың негізгі бөлігі көліктің Қазақстанға қандай мақсатпен әкелінетінін анықтауға, оның техникалық қауіпсіздігін растауға және көлік импортының ашықтығын қамтамасыз етуге бағытталған.

Наверх