Қазақстан жазушылары мен ақындары "Кітап оқитын ұлт" жобасының Қамқоршылық кеңесіне кірді

Белгілі қазақстандық жазушылар мен ақындар «Кітап оқитын ұлт» жобасы Қамқоршылық кеңесінің құрамына кірді.

 gov.kz Бүгiн 2026, 12:55
Бүгiн 2026, 12:55
113
Фото: gov.kz

2026 жылғы 30 наурызда Астана қаласында «Кітап оқитын ұлт» жобасы аясында маңызды кездесу өтті. Басқосуға Қазақстанның белгілі қаламгерлері – Төлен Әбдік, Роза Мұқанова, Қойшығара Салғараұлы, Алдан Смайыл, Қуаныш Жиенбай, Шәрбану Бейсенова, Оңайгүл Тұржан, Жанат Әскербекқызы, Мәди Айымбетов, Сауытбек Абдрахманов, Жанарбек Әшімжанов және Бауыржан Бабажанұлы қатысты.

Жоба 2025 жылдың қыркүйегінде бірнеше өңірде пилоттық негізде іске қосылған. Ол Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған кітап оқитын ұлт қалыптастыру бастамасы аясында жүзеге асырылып келеді. Негізгі мақсат – елде тұрақты кітап оқу мәдениетін қалыптастыру.

Алты айлық пилоттық кезеңде Қарағанды облысы, Қостанай облысы және Шымкент қаласында жобаға 189 мың адам қатысқан. Қатысушылар орта есеппен 10-15 кітап оқып, күн сайын 30-50 бет оқу дағдысын қалыптастырған. Ұйымдастырушылардың айтуынша, кітап оқу көптеген отбасыларда кешкі уақыттың, мектептегі талқылаулардың және жұмыс үзілістерінің бір бөлігіне айналған.

Кездесу барысында «Кітап оқитын ұлт – Читающая нация» қоғамдық қоры жанынан Қамқоршылық кеңес құрылды. Кеңес жобаның стратегиялық бағыттарын айқындап, ұсынылатын әдебиеттер тізімін бекітеді және жаңа бастамаларды әзірлеумен айналысады.

Жиында сөз сөйлеген Төлен Әбдік сауаттылықтың негізі кітап оқу екенін атап өтті. 

Ілгері басқымыз келсе, сауатты болуымыз керек. Ал сауаттылық кітап оқудан басталады. Біз осындай бастамаларды қолдаймыз. Халық мүлде кітап оқымайды деп айтпаймыз, бірақ кітап оқымайтын, сирек оқитын топ өте көп. Осы жоба дәл соларға бағытталған, - дейді Жазушы, драматург, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Төлен Әбдік.

Жазушы, драматург, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Роза Мұқанованың айтуынша, қазақ халқы – тарихи тұрғыдан кітап оқитын ұлт.

Ертеден ертегілер мен аңыздарға, батырлар жырына қанық болып өскен халықпыз, бұл — біздің тамырымыз, рухани негізіміз. Сол бай мұрамызды қайтадан жаңғыртып, келер ұрпаққа жеткізу — ортақ парызымыз, - деді ол.

Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, журналист, әдебиеттанушы, аудармашы Сауытбек Абдрахманов жобаның қоғам үшін өзектілігін ерекше атап өтті.

Бүгін өте маңызды және мазмұнды кездесу өтті. Елімізге танымал қаламгерлер өз ойларын ортаға салып, пікір алмасты. Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Кітап оқитын ұлт» жобасы — қоғам үшін аса өзекті. Бүгін оны жүзеге асырудың нақты тетіктері мен жолдары нақты көрсетілді, - деп айтты ол.

Қоғам қайраткері, ақын, Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжанов әр отбасыда кітапхана болуы тиіс екенін айтты.

Дамыған елдердің биікке көтерілуінің негізі — интеллектуалдық өсу және кітап оқу дәстүрі. Қоғамдық жоба ретінде басталған бұл бастама алдағы уақытта мемлекеттік қолдаудың берік тірегіне айналады деп сенемін. Әрбір отбасында кітапхана болуы — менің үлкен тілегім. Барша қазақстандықтарды кітап оқуға белсенді шақырамын, - деп пікір білдірді ол.

Жоба Amanat партиясының қолдауымен қоғамдық қор және өңірлік әкімдіктермен бірлесіп жүзеге асырылуда.

Байқаудың финалдық кезеңдері 2026 жылдың сәуірінде өтеді. Ал мамыр айынан бастап жоба республикалық деңгейге шығып, 1 миллионнан астам қазақстандықты қамтиды деп күтілуде.

Наверх