Қазақстанда кальянды заңдастыру: Бюджетке уәде етілген 50 млрд теңге түсе ме?

Кальян нарығын лицензиялау арқылы мемлекет миллиардтаған теңге түсіруді көздейді. Бірақ бұл жоспар қаншалықты шынайы?

Бүгiн 2026, 07:30
АВТОР
 ©BAQ.KZ/жасанды интеллект Бүгiн 2026, 07:30
Бүгiн 2026, 07:30
234
Фото: ©BAQ.KZ/жасанды интеллект

Қазақстанда қоғамдық тамақтану орындарында кальян шегуге тыйым салынғанымен, бұл нарық жұмысын жалғастырып келеді. «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының мәліметінше, соңғы екі жылда кальян темекісінің ресми импорты 18,7 тоннадан 241 тоннаға дейін өскен. Енді мемлекет лицензиялау арқылы бұл саланы көлеңкеден шығаруды қарастырып отыр. Қаржы министрлігінің бағалауынша, кальян бизнесін заңдастыру бюджетке қосымша шамамен 50 млрд теңге түсім әкелуі мүмкін. Бұл есеп қандай деректерге негізделген және бизнес жаңа талаптармен жұмыс істеуге дайын ба?  BAQ.KZ тілшісі мәселені зерттеп көрді.

50 млрд теңге қайдан түседі?

Бұған дейін BAQ.KZ Қаржы министрі Мәди Такиевтің кальян қызметін лицензиялау идеясын қолдағанын хабарлаған болатын. Ведомство басшысының пікірінше, нәтижесіз күрес жүргізгеннен гөрі бұл секторды заңдастырып, бақылауға алған тиімді.

Бүгінде кальяндарға тыйым салынғандықтан, олардың нақты санын анықтау мүмкін емес. Бірақ біздің ұстанымымыз – оларды лицензиялау қажет. Өйткені олар бәрібір жұмыс істеп жатыр. Ең дұрысы – осы қызметтен бюджетке төлемдер түсіру. Біздің есеп бойынша қосымша түсім шамамен 50 млрд теңгені құрауы мүмкін, – деген еді Мәди Такиев.

Министрдің мәлімдемесі қоғамда қызу талқы тудырды. Осы болжамның қаншалықты шынайы екенін анықтау үшін BAQ.KZ редакциясы Қаржы министрлігіне ресми сауал жолдады.

Ведомствоның жауабына сәйкес, аталған сома әзірге алдын ала есеп болып саналады. Есеп кальян қызметі нарығының жұмыс істеуі туралы қолда бар ақпарат пен оны көлеңкелі айналымнан шығарудың ықтимал әсерін талдау негізінде жасалған.

Есептеу барысында нарық субъектілерінің болжамды саны, көрсетілетін қызмет көлемі және мемлекеттік реттеу енгізілгеннен кейінгі салық тәртібінің деңгейі ескерілді, – деп хабарлады Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті.

Министрліктің мәліметінше, сөз тек лицензиялық алымдар туралы ғана болып отырған жоқ.

Қосымша түсімдер салық базасының кеңеюі, есеп айырысулардың ашықтығының артуы және нарық қатысушылары қызметінің заңдастырылуы есебінен қалыптасады. Сонымен қатар ведомство қазіргі уақытта кальян нарығының нақты көлемі туралы сенімді деректердің жоқ екенін мойындады.

Кальян қызметі қолданыстағы шектеулер жағдайында жүзеге асырылатындықтан, нарықтың нақты көлемі мен көлеңкелі сегментінің үлесі туралы толық ақпарат жоқ. Бұл статистикалық және салықтық есеп жүргізуді қиындатады, – деп түсіндірді министрлік.

Сондай-ақ ведомствода кальян қызметін көрсететін мекемелердің нақты саны туралы мәліметтің жоқ екені айтылды.

Негізгі мақсат – насихат емес, бақылау

Қаржы министрлігінде лицензиялау кальян тұтынуды арттыру құралы ретінде қарастырылмайтынын атап өтті.

Ведомствоның пікірінше, негізгі мақсат – бизнесті көлеңкеден шығарып, мемлекеттік бақылауды күшейту.

Лицензиялаудың басты мақсаты – кальян өнімдерін тұтынуды ынталандыру емес, нарықтың ашықтығын қамтамасыз ету, кәсіпкерлік субъектілерін анықтау, мемлекеттік бақылаудың тиімді тетіктерін қалыптастыру және салық түсімдерінің толық түсуін қамтамасыз ету, – деп мәлімдеді министрлік.

Қаржы министрлігі міндетті сәйкестендіруді, қызметті лицензиялауды, мекемелер жұмысына бірыңғай талаптар енгізуді және салықтық әкімшілендіруді күшейтуді ең тиімді тәсілдердің бірі деп санайды.

Ведомство өкілдерінің пікірінше, кальян индустриясын көлеңкеден шығару салық тәртібін күшейтіп, адал кәсіпкерлер үшін тең жағдай жасап, бюджет кірісін арттыруға мүмкіндік береді.

Кальян темекісінің импорты 12 еседен астам өсті

«Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы қолданыстағы тыйым сұранысты жоймағанын айтады.

Палата өкілдері қызметті құқықтық алаңға шығаруды қолдап, лицензиялауды реттеудің ең қолайлы тетіктерінің бірі ретінде қарастырады.

Тәжірибе тұтынушылық сұраныстың тұрақты сақталып отырғанын көрсетеді. Мемлекеттік кірістер органдарының деректеріне сәйкес, кальян темекісінің ресми импорты 2022 жылғы 18,7 тоннадан 2023 жылы 83 тоннаға, ал 2024 жылы 241 тоннаға дейін өсті, – деп хабарлады «Атамекен».

Осы кезеңде акциздік түсімдер 189,8 млн теңгеден 1,52 млрд теңгеге дейін, ал қосылған құн салығы бойынша түсімдер 65,4 млн теңгеден 303,3 млн теңгеге дейін артқан.

Яғни, тыйымға қарамастан, кальян темекісінің ресми импорты екі жыл ішінде шамамен 13 есе өскен. Палата мұны жоғары сұраныстың сақталғанының және нарықты реттеудің жаңа тәсілдерін іздеу қажеттігінің дәлелі деп санайды.

«Атамекеннің» пікірінше, қызметті санитарлық, өрт қауіпсіздігі және басқа да талаптарды міндетті түрде сақтай отырып лицензиялау ең тиімді модель болмақ.

Санитарлық және өрт қауіпсіздігі талаптарын белгілеуді, ғимараттар мен желдету жүйелерін бақылауды қамтитын лицензиялау кальян қызметін реттеудің ең оңтайлы моделі болып саналады, – деді палата өкілдері.

Сонымен бірге кәсіпкерлер палатасы реттеу шаралары шамадан тыс әкімшілік жүктеме тудырмауы керек екенін ескертті.

Реттеу шаралары теңгерімді, ашық әрі кәсіпкерлерді қайтадан көлеңкелі секторға кетуге итермелемейтіндей болуы тиіс, – деп атап өтті палата.

Рестораторлар шығын туралы айтады

Мейрамхана бизнесінің өкілдері де саланы заңдастыруды қолдайды. Ресторан иесі Сұлтанмұрат Еруханның айтуынша, тыйым енгізілгеннен кейін көптеген мекемелер табысының азайғанын сезінген.

Қазіргі таңда кальян индустриясы мейрамхана бизнесінің ажырамас бөлігіне айналды. Біздің мекеме кальян сатуға ерекше мән бермейді. Соған қарамастан тыйым жалпы табысқа әсер етті. Шектеулер енгізілгеннен кейін кіріс шамамен 20–25 пайызға төмендеді. Қонақтар ағыны өзгеріп, бизнес жаңа жағдайға бейімделуге мәжбүр болды, – дейді кәсіпкер.

Оның айтуынша, бұл өзгерістер жұмыспен қамтуға да әсер еткен.

Бұрын толық жүктемемен жұмыс істеген кезде бір ауысымда төрт кальян шебері мен бір көмекші қызметкер еңбек ететін. Тыйым енгізілгеннен кейін бұл жұмыс орындары қысқарды, – деді ол.

Кәсіпкер бизнес лицензиялау шарттарымен жұмыс істеуге дайын екенін жеткізді.

Иә, біз лицензия бойынша жұмыс істеуге дайынбыз. Көптеген рестораторлар да осы пікірде. Бірақ кәсіпкерлер үшін түсінікті әрі әділ талаптар жасалуы керек, – дейді Сұлтанмұрат Ерухан.

Оның пікірінше, заңдастыру өнім сапасын арттырып, мемлекеттік бақылауды күшейтеді.

Сұраныс бар жерде ұсыныс та болады. Заңдастыру арқылы сапалы өнім қолдануға мүмкіндік туады, өйткені мемлекет тарапынан толыққанды бақылау орнайды. Бұл тұтынушыларға да, кәсіпкерлерге де, мемлекетке де тиімді болады, – деп санайды ол.

Тыйым ба, әлде реттеу ме?

Қазір мемлекет те, бизнес те бір мәселеде ортақ пікірде: кальян нарығы қолданыстағы шектеулерге қарамастан жұмысын жалғастырып келеді.

Негізгі сұрақ – лицензиялау бұл саланы шынымен көлеңкеден шығарып, нарықтың ашықтығын қамтамасыз етіп, бюджетке уәде етілген миллиардтаған теңгені әкеле ала ма?

Лицензиялау мәселесі әзірге талқылау сатысында. Алайда кальян темекісі импортының өсуі мен тұрақты сұраныс бұл нарықтың өмір сүріп жатқанын көрсетеді. Сондықтан Қазақстандағы кальян индустриясының болашағына қатысты түпкілікті шешім әлі қабылданған жоқ.

Еске сала кетейік, Қазақстанда қоғамдық орындарда кальян шегуге тыйым 2013 жылғы 14 наурыздан бастап күшіне енген. Сол кезде тиісті қаулыға елдің бас мемлекеттік санитариялық дәрігері қол қойған болатын. Кейін бұл норма «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодексте бекітілді.

Қазіргі таңда кальян шегуге қоғамдық тамақтану орындарында, түнгі клубтарда және басқа да қоғамдық орындарда тыйым салынған.

Тыйым енгізудің басты себептерінің бірі – кальянның денсаулыққа зиянының ғылыми тұрғыда дәлелденуі. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, кальян темекісінің құрамында никотин мен зиянды шайырлар болады. Бір сағат кальян шеккен адам бір тал темекімен салыстырғанда 100-200 есе көп түтін жұтуы мүмкін.

Мамандар кальян шегуді жүрек-қан тамырлары және тыныс алу жүйесі ауруларының дамуымен, никотинге тәуелділікпен және бір құрылғыны бірнеше адамның пайдалануынан инфекциялардың таралу қаупімен байланыстырады. Сонымен қатар зиян тек шегушінің өзіне ғана емес, жанындағы адамдарға да тиеді. Өйткені олар да пассивті шылым шегушілерге айналады.

Еске салсақ, бұған денйін Қазақстанда кальянды қолдану тәртібі қайта қаралып жатқаны туралы хабарлаған болатынбыз.

Наверх