Қазақстанда Jet A-1 авиаотынын өндіру басталады

Мұнай өңдеу зауыттарының тоқтаусыз жұмысын қамтамасыз ету – стратегиялық маңызды міндеттердің бірі.

 ©BAQ.KZ архиві/Артем Чурсинов Бүгiн 2026, 11:41
Бүгiн 2026, 11:41
105
Фото: ©BAQ.KZ архиві/Артем Чурсинов

Үкімет отырысында ҚазМұнайГаз басқарма төрағасы Асхат Хасенов мұнай өңдеу зауыттарының жұмысын жаңғырту және тиімділікті арттыру бағытындағы шаралар туралы айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Оның сөзінше, мұнай өңдеу зауыттарының тоқтаусыз жұмысын қамтамасыз ету – стратегиялық маңызды міндеттердің бірі.

ҚазМұнайГаздың мұнай өңдеу зауыттарының тоқтаусыз жұмысын жолға қойып, дамыту – стратегиялық маңызды міндет. Бүгінгі таңда тұрақтылық индексін 96 пайызға дейін арттыруға бағытталған жаңа технологиялық шешімдерді енгізу бойынша жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатыр, – деді Асхат Хасенов.

Компания басшысы жеңіл мұнай өнімдерінің шығымы зауыттардың тиімділігін айқындайтын негізгі көрсеткіш екенін атап өтті.

Жеңіл мұнай өнімдерінің шығымы – мұнай өңдеу зауыттарының жұмыс тиімділігін айқындайтын маңызды көрсеткіштердің бірі. Заманауи катализаторлар мен қоспаларды қолдану, технологиялық процестерді автоматты түрде басқару, сондай-ақ өндірісті тоқтатпай ақылды технологияларды енгізу сияқты іс-шаралар арқасында бұл көрсеткішті 2029 жылға қарай 83 пайызға дейін жеткізу көзделген, – дейді ол.

Сонымен қатар қайтарымсыз шығындарды азайту және отын тұтынуды төмендету жұмыстары да назарда.

Қайтарымсыз шығындар мен отын тұтынуды төмендету де ерекше назарда. Оның ішінде көмірсутек газдарының шығын жолдарын анықтап, оларды бітеу арқылы 8-ден 5,5 пайызға дейін қысқарту жоспарланып отыр, – деді Хасенов.

Бұдан бөлек, компания авиация саласын экологиялық таза отынмен қамтамасыз ету бағытында да жобаларды жүзеге асыруда.

Бүгінгі таңда 3 мұнай өңдеу зауыты Jet A-1 авиаотынын өндіруге техникалық және нормативтік тұрғыдан дайын. Авиация саласын экологиялық таза отынмен қамтамасыз ету мақсатында “ҚазМұнайГаз” Kaz Food Products-пен бірлесіп биоэтанолды жаңартылатын авиаотынға айналдыратын SAF өндірісі жобасын іске асырып жатыр. Биыл жобалық жұмыстары басталады, – деді ол.

Наверх