Елімізде ителгілер саны азайып кеткен. Бұл туралы Үкімет отырысында Экология министрі Ерлан Нысанбаев мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Тағы бір назар аударуды қажет ететін маңызды мәселе – ителгі санының азаюы. Қазақстандағы ең ірі сұңқар соңғы онжылдықтарда ғалымдардың бағалауы бойынша (И.В. Карякин, А.С. Левин және т.б.) өте сирек кездесетін түрге айналған. Ал кейбір аймақтарда түбегейлі жойылып кетті. Сонымен қатар осы құстың Қазақстандағы популяциясының қазіргі санын анықтауға қатысты кең ауқымды зерттеулердің болмауы – мемлекеттің табиғатты қорғау және қалпына келтіру шаралары бойынша ұстанымын қалыптастыруға мүмкіндік бермейді, – дейді министр.
Осыған байланысты министрлік ителгінің қазіргі санын зерттеу және оны қоршаған ортаға жіберудің тиімділігін бағалау үшін 2025-2027 жылдарға арналған екі ғылыми-техникалық бағдарлама әзірледі.
Қазір Жоғары ғылыми-техникалық комиссияның отырысында осы бағдарламалардың қаралуы күтілуде. Сұңқар популяциясын тиімді қалпына келтіру үшін жек-дуадақ үлгісінде сұңқарды өсіру орталығын құру қажет. Біз бұл мәселені халықаралық серіктестермен бірлесіп қарастырудамыз, – деді Ерлан Нұрәліұлы.
Сондай-ақ, Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев елімізге тағы жолбарыстар әкелінетінін айтқан еді. Сонымен қатар министр елімізде қанша қар барысы бар екенін айтты.