Қазақстанда интернет-алаяқтық 40%-ға азайды: 6 млрд теңгеден астам шығын қайтарылды

30 Қыркүйек 2026, 11:56
АВТОР
 ©BAQ.KZ коллажы 30 Қыркүйек 2026, 11:56
30 Қыркүйек 2026, 11:56
214
Фото: ©BAQ.KZ коллажы

Қазақстанда соңғы үш жылда интернет-алаяқтық деректері 40%-ға азайған. Осы кезеңде жәбірленушілерге келтірілген 6 млрд теңгеден астам шығын қайтарылып, 170 млн-нан астам жалған қоңырау бұғатталған. Бұл туралы Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов Құрылтайда өткен брифингте мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Оның айтуынша, биыл да интернет-алаяқтық деректерінің азаю үрдісі сақталып отыр. Атап айтқанда, биылғы сегіз айда мұндай қылмыстар саны өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 13%-ға төмендеген.

2025 жылы 16 564 қылмыс тіркелсе, биыл 14 417 дерек тіркелді. Сонымен қатар қылмыстарды ашу көрсеткіші 7%-ға жақсарды, – деді Санжар Әділов.

Оның мәліметінше, соңғы үш жылда 5,5 млрд теңгеден астам қаражаттың шетелге аударылуына тосқауыл қойылған.

Сондай-ақ банк деректемелерін сыйақы үшін үшінші тұлғаларға бергені үшін қылмыстық жауапкершілік енгізілген. Бұған қоса, интернет-алаяқтықпен күресу мақсатында антифрод жүйесі жұмыс істеп жатыр.

Сондай-ақ Санжар Әділов киберқылмыстың трансшекаралық сипатқа ие екенін атап өтті. Оның айтуынша, Қазақстанға түрлі елден электрондық және цифрлық шабуылдар жасалады.

Бұған дейін украиналық әріптестерімізбен бірлесіп, Қазақстан азаматтарына қарсы жұмыс істеген 20-дан астам байланыс орталығын анықтап, оларды жабу бойынша жұмыс жүргіздік. Қазір Украинада осы іске қатысы бар 18 адам қамауға алынды, – деді ол.

Министр орынбасары киберқылмыстың мемлекеттік шекарамен шектелмейтінін, сондықтан онымен күресте халықаралық ынтымақтастықтың маңызы зор екенін атап өтті.

Наверх