Қазақстанда инфляция қарқыны біртіндеп төмендеп келеді, алайда жалпы деңгейі әлі де екі таңбалы көрсеткіште қалып отыр. Бұл туралы Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Соңғы апталарда инфляция және оған әсер ететін негізгі факторлар жан-жақты талданды. Ақпан айының қорытындысы бойынша жылдық инфляция 11,7% деңгейінде қалыптасып, болжамды дәліз аясында болды. Бұл ақша-кредит саясатының қатаң шарттары мен қабылданған антиинфляциялық шаралардың нәтижесі.
Сүлейменов атап өткендей, тұтыну қоржынына кіретін тауарлар мен қызметтердің бағасының өсу қарқыны баяулап келеді. Әсіресе, бұл үрдіс азық-түлік тауарлары мен қызметтер сегментінде айқын байқалады. Азық-түлікке жатпайтын тауарлар бойынша да инфляция 11,6%-дан 11,3%-ға дейін төмендеді.
Ұлттық валютаның нығаюы, тұтынушылық несиелеудің баяулауы және сұраныстың тұрақтануы инфляциялық қысымды әлсіретуде. Сонымен қатар, базалық және маусымдық тазартылған инфляция көрсеткіштері де төмендеді. Айлық инфляция 1,1%-дан 0,6%-ға дейін қысқарды.
Сонымен бірге, жылдық инфляция әлі де жоғары деңгейде қалып отыр және орта мерзімді мақсаттан едәуір асып түседі. Бұл проинфляциялық факторлардың ықпалы толық жойылмағанын көрсетеді. Соның бірі - халықтың инфляциялық күтулері. Наурыз айында олар 14,6%-ға дейін өсті, ал ұзақ мерзімді күтулер 15%-ға жетті, - деп айтты Тимур Сүлейменов брифингте.
Экономиканың ішкі динамикасына келсек, қаңтар-наурыз айларында ЖІӨ өсімі 3% болды. Өсім негізінен мұнайға қатысы жоқ салалар есебінен қамтамасыз етілді. Құрылыс, көлік, өңдеу өнеркәсібі және сауда негізгі драйверлерге айналды.
Ішкі сұраныс біртіндеп теңгерімге келуде. Бөлшек сауда көлемі 2,8%-ға өсіп, тұтынушылардың жаңа экономикалық жағдайларға бейімделгенін көрсетті. Тұтынушылық несиелеуді шектеу шаралары да сұранысты тұрақтандыруға ықпал етуде.
Инвестициялық белсенділік те сақталып отыр. Негізгі капиталға салынған инвестициялар 6,4%-ға артты. Бұл өсімге өңдеу өнеркәсібі, энергетика, байланыс және жылжымайтын мүлік салалары үлес қосуда.
Сыртқы экономикалық жағдай инфляцияға қосымша қысым түсіруде. Таяу Шығыстағы геосаяси шиеленіс салдарынан энергия ресурстары, азық-түлік және тыңайтқыштар бағасы өсіп жатыр. Бұл әлемдік нарықтағы бағаға әсер етуде.
АҚШ, Еуроодақ және Ресейде де инфляция қарқыны үдей түсті. Осыған байланысты жетекші орталық банктер сақтық саясат ұстанып отыр. Ал мұнай нарығында баға тұрақсыз: Brent маркалы мұнай барреліне 90 доллардан жоғары деңгейде саудалануда.
Жалпы алғанда, инфляцияның баяулағанына қарамастан, ол әлі де екі таңбалы деңгейде қалып отыр, - деді Тимур Сүлейменов.
Айта кетейік, бүгін Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 18% деңгейінде сақтап қалды.