Қазақстанда "Хватайка" автоматтарының қызметін реттейтін заңнамалық түзетулер әзірленіп, оларды бақылайтын уәкілетті орган айқындалады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұл туралы Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов Үкіметте өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді.
Министр қазақстандықтардың "Хватайка" деп аталатын ойын автоматтарына қатысты шағымдарына жауап берді.
Журналистер мұндай автоматтардың соңғы уақытта қоғамдық орындарда жиі орнатылып жатқанын айтып, "оларды Қазақстанда тыйым салу жоспарланып отыр ма?" деген сұрақ қойды.
Министрдің айтуынша, қазіргі заңнамада мұндай автоматтардың қызметі нақты реттелмеген.
Қолданыстағы заңнамада мұндай автоматтарға қатысты нақты реттеу жоқ. Қазіргі таңда олар ешбір мемлекеттік органның құзыретіне жатпайды. Жақын арада жаңа заңнамалық түзетулер әзірлеу жоспарланып отыр. Соның аясында бұл автоматтардың қызметін бақылайтын уәкілетті орган айқындалады. Қайталап айтамын, әзірге бұл бағытта нақты реттеу жоқ. Сондықтан жаңа заңнамалық түзетулер әзірленеді, – деді Ербол Мырзабосынов.