Қазақстанда энергия тиімділігіне қатысты заңнама күшейтіледі

10 Қыркүйек 2026, 15:21
АВТОР
 Үкіметтің баспасөз қызметінен 10 Қыркүйек 2026, 15:21
10 Қыркүйек 2026, 15:21
45
Фото: Үкіметтің баспасөз қызметінен

Қазақстанда энергияны үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру саласын жетілдіруге бағытталған екі заң жобасы қаралып жатыр. Бұл туралы ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Өнеркәсіп комитеті төрағасының орынбасары Олжас Әлібеков мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Оның айтуынша, қазіргі уақытта Құрылтайда «Энергияны үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» және «Энергияны үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру мәселелері бойынша Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобалары қаралуда.

Олжас Әлібековтің сөзінше, бастамалардың негізгі мақсаты – энергия тиімділігі саласындағы мемлекеттік саясатты жетілдіру және ел экономикасының энергия сыйымдылығын төмендету.

Ұсынылып отырған түзетулер төрт негізгі бағытты қамтиды. Біріншісі – энергия тиімділігіне қойылатын талаптарды Экологиялық кодекс нормаларымен үйлестіру. Екіншісі – мемлекеттік энергетикалық тізілімді қалыптастыру және жүргізу тетіктерін жетілдіру. Бұл деректер сапасын жақсартып, мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді, – деді ол.

Сонымен қатар заң жобаларында энергия сервистік қызметтер нарығын дамыту және энергия үнемдеу жобаларын іске асыруға бизнестің белсенді қатысуына жағдай жасау көзделген.

Тағы бір маңызды бағыт – энергия тиімділігі талаптарын бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікті күшейту.

Комитет төрағасының орынбасарының айтуынша, жаңа өзгерістер заң талаптарының орындалуын ынталандырып қана қоймай, ірі энергия тұтынушылардың жауапкершілігін арттыруға және энергия шығынын азайтуға ықпал етеді. Бұл әсіресе бюджет саласы үшін маңызды.

Ол мемлекеттік саясаттың қазіргі логикасын да түсіндірді. Оның сөзінше, заң талаптарды белгілейді, стратегиялық құжаттар негізгі мақсаттар мен басымдықтарды айқындайды, мемлекеттік энергетикалық тізілім энергияны көп тұтынатын салалар мен кәсіпорындарды анықтайды, ал ең ірі тұтынушылар тобы бақылаудың негізгі нысанына айналады.

Мемлекеттік бақылау талаптардың сақталуын және белгіленген көрсеткіштердің орындалуын қамтамасыз етеді. Ал жаңа заңнамалық бастамалар осы жүйені одан әрі күшейтуге бағытталған, – деді Олжас Әлібеков.

Оның айтуынша, Қазақстан энергия тұтынуды жай ғана есепке алудан тиімді басқару жүйесіне көшуді көздеп отыр.

Энергия тиімділігі – тек энергия ресурстарын үнемдеу ғана емес. Бұл шығындарды азайту, кәсіпорындардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру және еліміздің энергетикалық қауіпсіздігін нығайту, – деп түйіндеді комитет төрағасының орынбасары.

Наверх