«Баяу әсер ететін бомба»: ЖСДП энергетикалық сусындар айналымын реттеу шараларын қайта қарауға шақырды

25 Қараша 2026, 12:58
АВТОР
 pixabay.com 25 Қараша 2026, 12:58
25 Қараша 2026, 12:58
120
Фото: pixabay.com

Құрылтай депутаты Мақсұт Насибулов энергетикалық сусындарды өндіруге, елге әкелуге және сатуға толық тыйым салу мүмкіндігін қарастыруды ұсынды. Ол бұл мәселені Үкімет деңгейінде зерттеп, энергетиктердің адам денсаулығына әсерін жан-жақты бағалау қажет екенін айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Жалпыұлттық социал-демократиялық партия фракциясының депутаты Премьер-министр Олжас Бектеновке жолдаған сауалында энергетикалық сусындарды тұтыну көлемі артып келе жатқанын атап өтті.

Депутаттың мәліметінше, Қазақстанда 2023 жылы 215 миллион литр энергетикалық сусын сатылса, 2025 жылы бұл көрсеткіш 355 миллион литрге жеткен. Екі жылдағы өсім – 65 пайыз. Ал Statista халықаралық компаниясының бағалауынша, 2025 жылы Қазақстандағы энергетикалық сусындар нарығының ақшалай көлемі 93 миллион долларға жеткен.

Мақсұт Насибулов энергетикалық сусындардың құрамындағы кофеин мен басқа да ынталандырушы заттардың адам ағзасына әсерін ғылыми тұрғыдан бағалау қажет деп санайды. Оның айтуынша, тұтынушылар өнімнің жарнамасы мен дәміне мән бергенімен, оның нақты құрамы мен тұрақты тұтынудың ықтимал салдары туралы жеткілікті ақпаратқа ие бола бермейді.

Депутат энергетикалық сусындарды шамадан тыс тұтынудың денсаулыққа әсеріне қатысты бірнеше жағдайды мысалға келтірді. 

Былтыр маусымында Павлодарда 20 жастағы жігіт ауыр жүрек жеткіліксіздігімен жансақтау бөліміне түскен. БАҚ-та жарияланған дәрігерлердің пікірінше, ол екі жыл бойы күніне төрт банкаға дейін энергетик ішкен. Оған токсикалық кардиомиопатия диагнозы қойылған. Сондай-ақ өткен жылдың желтоқсанында Алматыда 34 жастағы науқасқа жүрек трансплантациясы жасалған. Журналистердің жазуынша, ол күніне 8-10 банка энергетикалық сусын ішкен, - деді Насибулов.

Бұдан бөлек, депутат биыл сәуірде түрік дәрігерлері ғылыми жарияланымда энергетик тұтынған 14 жастағы баланың жүрегіне ауыр зақым келген жағдайды сипаттағанын айтты.

Қазақстанда 2025 жылғы қаңтардан бастап энергетикалық сусындарды 21 жасқа толмағандарға сатуға тыйым салынған. Ал биыл қаңтардан бастап бұл өнімдерге акциз енгізілген. Алайда депутат қабылданған шараларға қарамастан, энергетиктерді тұтыну көлемі азаймай отырғанын алға тартты.

Осыған байланысты Мақсұт Насибулов Үкіметке төрт ұсыныс жолдады. Атап айтқанда, энергетикалық сусындарды 21 жасқа толмағандарға сатуға салынған тыйымның қалай орындалып жатқанын, жүргізілген тексерулер мен анықталған заңбұзушылықтар туралы мәлімет беруді сұрады. Сондай-ақ онлайн сатылымға бақылау жүргізу тәртібін түсіндіруді ұсынды.

Бұдан бөлек, энергетикалық сусындардың денсаулыққа ықтимал қауіптеріне қатысты жан-жақты ғылыми зерттеу жүргізу, сатылымдағы өнімдердің кофеин және басқа компоненттер құрамын тексеру, қаптамадағы ескертулердің жеткіліктілігін бағалау қажет екенін айтты. Депутат БАҚ пен әлеуметтік желілердегі энергетикалық сусындар жарнамасын қатаң шектеу мәселесін де көтерді.

Сондай-ақ халықаралық тәжірибені зерделеп, Қазақстанда энергетикалық сусындардың айналымын реттейтін жаңа заңнамалық шаралар ұсынуды сұрады. Оның ішінде ел аумағында энергетикалық сусындарды өндіруге, импорттауға және сатуға толық тыйым салу мүмкіндігін де қарастыруды ұсынды.

Наверх