- Мұқаба
- Жаңалықтар
- Қазақстанда энергетикалық сусындарға толық тыйым салынуы мүмкін
Қазақстанда энергетикалық сусындарға толық тыйым салынуы мүмкін
18 Қараша 2026, 11:45
Қазақстанда энергетикалық сусындарды өндіруге, коммерциялық мақсатта әкелуге және сатуға толық тыйым салу ұсынылды. Мұндай бастаманы «Әкелер одағы» республикалық қоғамдық бірлестігі көтеріп отыр. Ұйым өкілдері қолданыстағы шектеулер мәселені толық шешпейтінін айтып, энергетикалық сусындардың ересектер денсаулығына да ықтимал зияны бар екенін алға тартады.
Энергетикалық сусындар бүгінде көп адамның күнделікті әдетіне айналған. Оны оқушылар мен студенттерден бастап, жүргізушілер, кеңсе қызметкерлері және басқа да мамандық иелері шаршағанын басып, ұйқының орнын толтыру немесе жұмысқа қабілетін арттыру үшін ішеді. Алайда қысқа уақытқа сергіткендей болғанымен, мұндай сусындарды тұрақты тұтынудың денсаулыққа әсері қоғам мен мемлекет тарапынан байыпты назар аударуды қажет етеді.
«Әкелер одағы» өндірістен бастап көтерме және бөлшек саудаға дейін, соның ішінде интернет арқылы сату мен жеткізу қызметтерін қоса алғанда, энергетикалық сусындардың айналымына толық тыйым салуды ұсынады.
Қолданыстағы шектеулер жеткіліксіз бе?
Қоғамдық бірлестік өкілдерінің пікірінше, Қазақстанда қабылданған шаралар мәселенің бір бөлігін ғана қамтиды. 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап энергетикалық сусындарды 21 жасқа толмағандарға сатуға тыйым салынды. Ал 2026 жылдан бастап бұл өнімге акциз салына бастады. Ұйым мұны нарықты реттеудегі белгілі бір қадам деп бағалайды. Алайда олардың пікірінше, аталған шаралар ересек тұтынушылардың денсаулығына төнуі мүмкін қауіптің алдын толық алмайды.
Бізді энергетикалық сусындарды тұрақты тұтынудың ұзақ мерзімді салдары қатты алаңдатады. Әңгіме бедеулікке, қатерлі ісікке, жас кезде инфаркт алуға және өмір сүру ұзақтығының қысқаруына қатысты қауіптер туралы болып отыр», – деп атап өтті «Әкелер одағы» республикалық қоғамдық бірлестігі төрағасының орынбасары Күзембай Бекдайыр.
Энергетикалық сусындардың құрамындағы кофеин мен қант
Ұйым өкілдерін ең алдымен энергетикалық сусындардың құрамындағы кофеин мен басқа да сергітетін заттардың мөлшері алаңдатады. Ғылыми зерттеулерде мұндай сусындарды тұтынғаннан кейін қан қысымының жоғарылауы және жүректің электрлік белсенділігінің өзгеруі мүмкін екені көрсетілген.
Атап айтқанда, 2024 жылы Nutrition Reviews журналында жарияланған 17 рандомизацияланған зерттеудің нәтижелерін біріктірген талдау энергетикалық сусындарды ішкен ересектердің қан қысымы жоғарылағанын анықтаған.
Тағы бір назар аударатын мәселе – қант мөлшері. Көлемі шамамен 400 миллилитр болатын кейбір сусын құтыларында 100 грамға жуық қосылған қант болуы мүмкін. Бұл Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ұсынған тәуліктік бос қант тұтыну мөлшерінен әлдеқайда көп. Қантты тұрақты түрде шамадан тыс тұтыну семіздікке, зат алмасу бұзылыстарына және қант диабетіне шалдығу қаупімен байланысты.
Ал өнімнің сыртында «қантсыз» деген жазудың болуы оның құрамындағы кофеин мен басқа да сергітетін заттардан туындайтын ықтимал қауіптерді жоймайды.
Шаршаған сайын энергетик ішу әдетке айналуы мүмкін
«Әкелер одағы» ересектер арасында энергетикалық сусындарды тұрақты тұтыну әдетінің таралуына да алаңдайды.
Мәселен, адам шаршағанын басу немесе ұйқының орнын толтыру үшін энергетикалық сусын ішеді. Кофеин аз уақытқа сергектік бергенімен, ұйқының сапасына кері әсер етуі мүмкін. Соның салдарынан келесі күні шаршау қайта оралып, адам тағы да энергетикке жүгінеді. Осылайша, ағза толыққанды демалыстың орнына қайта-қайта сергітетін заттардың әсеріне тәуелді болып қалуы ықтимал.
Кофеинді тұрақты тұтынған кезде ағзаның оған бейімделуі, яғни бұрынғы әсерді сезіну үшін көбірек мөлшер қажет болуы мүмкін. Ал оны тұтынуды тоқтатқанда бас ауруы, ұйқышылдық, ашушаңдық, шаршау және зейіннің төмендеуі сияқты белгілер байқалуы ықтимал.
Қазір энергетикалық сусындарды 21 жастан бастап сатып алуға болады. Бірақ кәмелетке толу кофеиннің ұйқы мен қан қысымына әсерін жоймайды. Акцизді көтеру сұранысты азайтуы мүмкін, алайда сусынды зиянсыз етпейді. Жарнама мен кофеин мөлшеріне шектеу қою да жекелеген қауіптерді төмендеткенімен, оларды толығымен жоймайды. Сондықтан біз толық тыйым салуды талап етіп отырмыз, – деп жазылған петицияда.
Энергетикалық сусындарды оқушылар да тұтынады
Заң бойынша кәмелетке толмағандарға энергетикалық сусын сатуға тыйым салынғанына қарамастан, мектеп оқушылары арасында оны тұтыну мәселесі қоғамды алаңдатып отыр.
2022 жылғы HBSC зерттеуінің дерегіне сәйкес, Қазақстандағы 11–15 жастағы сауалнамаға қатысқан оқушылардың 20,5 пайызы энергетикалық сусындарды апта сайын ішкен. Ал 3 пайызы күн сайын тұтынған.
Бұл көрсеткіштер қолданыстағы шектеулердің орындалуын бақылаумен ғана шектелмей, алдын алу шараларын кешенді түрде жүргізу қажеттігін аңғартады.
Ата-аналар үшін энергетикалық сусын мәселесі тек баланың қандай өнім тұтынатынына қатысты таңдау емес. Бұл – балалардың денсаулығы, тамақтану әдеттерінің қалыптасуы және келешек ұрпақ алдындағы жауапкершілік мәселесі.
«Әкелер одағы» неге толық тыйым салуды ұсынады?
Қоғамдық бірлестік өкілдері акциз арқылы сусын бағасын қымбаттату немесе оны жас ерекшелігіне қарай сатуға шектеу қою мәселені түбегейлі шешпейді деп есептейді. Өйткені кофеиннің әсеріне ересектер де ұшырайды, ал энергетикалық сусындарды тұрақты тұтыну ұйқы мен жүрек-қан тамырлары жүйесіне кері ықпал етуі мүмкін. Сонымен бірге жарнамаға және жекелеген құрамдас бөліктердің мөлшеріне шектеу қою ықтимал қауіптердің барлығын жоймайды.
Бірлестік келтірген мәліметке сәйкес, бірқатар елде энергетикалық сусындарға қатысты арнайы шектеулер енгізілген. Атап айтқанда, Литва, Латвия, Польша және Норвегияда жас ерекшелігіне байланысты шектеулер бар. Непалда өнімді әкелуге шектеу қойылған. Ал Қырғызстанда 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап энергетикалық сусындарды сатуға тыйым салу жоспарланған.
«Әкелер одағы» Қазақстан да акцизді көтеру мен жас шектеуін енгізумен ғана шектелмей, реттеудің қатаңдау үлгісін қарастыруы қажет деп санайды.
Біздің ойымызша, бұл шаралар жеткіліксіз. Энергетикалық сусындар ересектердің денсаулығына да зиян келтіруі мүмкін. Сондықтан біз Қазақстанда энергетикалық сусындарды өндіруге, коммерциялық мақсатта әкелуге және сатуға толық тыйым салуды талап ететін петицияны іске қосып отырмыз, – деп мәлімдеді бірлестік өкілдері.
Қандай шектеулер енгізу ұсынылды?
Қоғамдық бірлестік энергетикалық сусындардың айналымына толық тыйым салуды көздейтін заңнамалық бастаманы әзірлеу үшін мемлекеттік органдардың бірлескен жұмысын ұйымдастыруды ұсынады.
Бастама аясында:
- энергетикалық сусындарды өндіруге және коммерциялық мақсатта әкелуге толық тыйым салу;
- оларды көтерме және бөлшек саудада, соның ішінде интернет-дүкендер мен жеткізу қызметтері арқылы сатуға жол бермеу;
- қантсыз түрлері мен концентраттарын қоса алғанда, қандай өнімдердің энергетикалық сусындарға жататынын айқындайтын нақты өлшемдер әзірлеу;
- әлеуметтік желілерді қоса алғанда, мұндай өнімдерді жарнамалауға, насихаттауға және тегін таратуға тыйым салу;
- заңсыз айналымға жауапкершілік белгілеп, мемлекеттік бақылау тетіктерін енгізу;
- тиісті заң ресми жарияланғаннан кейін алты айдан аспайтын өтпелі кезең белгілеу ұсынылады.
«Әкелер одағы» осы ұсыныстарды заңнамалық деңгейде қарастырып, энергетикалық сусындардың өндірісі мен саудасына толық тыйым салу мәселесін көтеріп отыр.
Ең оқылған:
- Қазақстандықтарды қыста қандай өзгерістер күтіп тұр: Жалақы, зейнетақы, жәрдемақы және айыппұл
- Алаяқтар зейнетақы ақшасын иемденудің жаңа айласын ойлап тапты
- ҚазҰУ студентінің қазасы: Ғылым министрлігі тексеру жүргізеді
- Қазақстандық актер Испанияда халықаралық марапатқа ие болды
- Қазақстан мен Ресей арасындағы тауар айналымы 27 млдр долларға жетті
Мақпал ОРЫНБЕК