Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында Ұлттық экономика министрі – Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин “2017 жылғы 11 сәуірдегі Еуразиялық экономикалық одақтың Кеден кодексі туралы шартқа өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы” заң жобасын таныстырды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұл хаттамаға 2023 жылғы 25 желтоқсанда Санкт-Петербург қаласында өткен Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысында ЕАЭО елдерінің басшылары қол қойған болатын. Құжат сыртқы электрондық сауданы реттеу тетіктерін жетілдіруге бағытталған.
Хаттамада келесідей негізгі өзгерістер көзделген:
- Шетелдік интернет-платформалардан үшінші елдер арқылы халықаралық пошта байланысы арқылы жеке тұлғаларға жіберілетін тауарларды жаңа санатқа – электрондық сауда тауарлары ретінде бөлу;
- Электрондық сауда операторы ұғымын енгізу;
- Электрондық сауда декларациясы атты кедендік декларацияның жаңа түрін енгізу.
Қазіргі таңда шетелдік интернет-дүкендерден сатып алынатын тауарлар жеке пайдалануға арналған тауарлар ретінде есептеледі және белгілі бір шектен (250 еуро, 35 кг) асқан жағдайда ғана декларацияланады. Бұл тауарлар ресми сауда айналымына кірмейтіндіктен, кедендік статистикаға қосылмайды.
Серік Жұманғариннің айтуынша, жаңа өзгерістер осы мәселені жүйелеуге мүмкіндік береді.
Электрондық сауда тауарларының барлығын декларациялау арқылы шетелдік интернет-платформалардан келетін тауарлар бойынша толыққанды статистикалық база қалыптасады, – деді ол.
Қазақстан Республикасының "Халықаралық шарттары туралы" Заңына сәйкес, бұл хаттаманы ратификациялау қажет.