Қазақстанда энергия жинақтау жүйелерін салуға жұмсалатын инвестиция тұтынушылардың қалтасына салмақ түсірмейді. Энергетика министрі Ерлан Ақкенженовтің айтуынша, жаңа нысандардың қызметіне ақы олар толық іске қосылғаннан кейін ғана төленеді. Бұл туралы ол Құрылтай отырысында депутат Никита Шаталовтың сауалына жауап бергенде мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Депутат заң жобасына сәйкес, энергия жинақтау жүйелерінің электр энергиясына қатысты қызметтері үшін ақы аукцион қорытындысы бойынша белгіленетін жеке тарифпен төленетінін атап өтті. Мұндай нысандарды салуға қомақты инвестиция қажет екенін ескерген ол тариф қандай көрсеткіштер негізінде қалыптасатынын сұрады.
Сондай-ақ жаңа жүйелердің енгізілуі халық пен бизнес үшін электр энергиясының құнына қалай әсер ететініне және баламалы энергетиканы қолдау тетіктерінің кеңеюі тұтынушыларға қосымша қаржылық жүктеме түсірмейтініне қатысты мәселе көтерді.
Министрдің түсіндіруінше, энергия жинақтау жүйелерін салатын компаниялар ашық электрондық аукцион арқылы іріктеледі. Жеңімпаз ең төмен баға ұсынған қатысушы болады. Бағаға жабдық сатып алу, құрылыс жүргізу және нысанды пайдалануға беру шығындары кіреді.
Ең бастысы, төлем нысанның қуаты пайдалануға дайын болған кезде ғана жүргізіледі. Яғни құрылыс жүріп жатқан уақытта ешқандай ақы төленбейді. Мердігер жобаны аяқтап, жүйелік операторға нысанның дайын екенін хабарлайды. Төлемді тек содан кейін бастаймыз, – деді Ерлан Ақкенженов.
Оның айтуынша, жаңа жүйелерді енгізу тұтынушыларға қосымша шығын әкелмейді. Себебі түнгі уақытта тұтынылмай қалған электр энергиясын жинақтап, оны республика ішінде қайта сатуға мүмкіндік туады. Осылайша, электр энергиясын сырттан импорттау қажеттілігі азаяды.
Мен тұтынушыларға қосымша шығын болмайтынына сенімдімін. Түнгі уақытта пайдаланылатын электр энергиясын жинақтап, оны республика ішінде сатамыз. Соның нәтижесінде электр энергиясын импорттамаймыз, – деді министр.
Сонымен қатар энергия жинақтау жүйелері маневрлік генерацияға жұмсалатын шығынды азайтуға мүмкіндік береді.
Министрдің сөзінше, электр энергиясына сұраныс шарықтайтын уақытта, яғни елге қосымша қуат аса қажет болған сәтте, жүйелер «KEGOC» АҚ жүйелік операторының автоматты командасы бойынша жинақталған энергияны бірден желіге бере алады.