- Мұқаба
- Жаңалықтар
- Қазақстанда электр энергиясының тапшылығы қашан жойылады? – сарапшы пікірі
Қазақстанда электр энергиясының тапшылығы қашан жойылады? – сарапшы пікірі
6 Қараша 2026, 17:18
Қазақстанда 2025 жылы электр энергиясын тұтыну өндірістен 1,5 млрд кВт·сағ-қа асып түсті. Қазақстан электр энергетикалық қауымдастығының болжамынша, 2027 жылы өндіріс ішкі тұтынудан асуы мүмкін. Алайда жылдық өндіріс көлемінің артуы қысқы жүктеме мәселесін бірден шешпейді және тарифтің автоматты түрде төмендеуіне әкелмейді. Қауымдастық төрағасы Талғат Темірханов BAQ.KZ тілшісіне берген сұхбатында Қазақстанның электр энергиясын экспорттау мүмкіндігі қандай шарттарға байланысты екенін түсіндірді.
Қазақстан қашан электр энергиясын экспорттай алады?
Талғат Темірхановтың айтуынша, электр энергиясы тапшылығының басты себептерінің бірі – тарифтерді тежеу. Соның салдарынан энергетикалық кәсіпорындар жабдықты жөндеуге және жаңартуға қажетті қаражатты толық ала алмаған. Жабдық тозып, апаттық тоқтаулар жиілеген.
Осы жағдайдан кейін мемлекет энергетикаға деген көзқарасын қайта қарап, үш бағытты іске қосты. Олар – «Тарифті инвестицияға айырбастау», «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» жөніндегі ұлттық жоба және Көмір генерациясын дамытудың ұлттық жоспары. Үшеуі де инфрақұрылымды жаңартуға және елдің өз генерациялау қуатын арттыруға бағытталған.
Болжам бойынша, 2027 жылдың өзінде электр энергиясын өндіру тұтынудан асып түседі. 2029 жылға қарай артық көлем 17,6 млрд кВт·сағ-қа жетуі мүмкін. Ол үшін 2035 жылға дейін 26,3 ГВт-тан астам қуатты енгізіп, жаңғырту қажет, – деді Темірханов.
Оның айтуынша, жоспарланған жобалар сәтті іске асса, Қазақстан көрші елдерге электр энергиясын жеткізе алады. Елде экспортқа қажетті жүйеаралық байланыстар мен техникалық мүмкіндіктер бар. Алайда экспорт көлемін бағалау үшін жылдық өндіріс пен тұтынуды салыстыру жеткіліксіз. Қыста кешкі уақытта энергожүйеге түсетін жүктеме күрт өседі.
Алдымен ішкі қажеттілікті толық жабу, тұтынудың қысқы максимумын қамтамасыз ету және қажетті резерв құру керек. Өйткені электр энергиясының жылдық артықшылығы оның кез келген сағатта жеткілікті екенін білдірмейді. Мысалы, қыста кешкі сағаттарда энергожүйеге түсетін жүктеме күрт артады, – деді ол.
Темірхановтың пікірінше, экспорт ішкі тұтынуды шектеуге мәжбүр ететін мақсатқа айналмай, отандық энергетиканың дамуы нәтижесінде мүмкін болуы керек.
Көмір генерациясында 19 жоба көзделген
Темірханов тапшылықтан тұрақты профицитке көшу үшін базалық генерацияны дамыту қажет деп санайды. Бұл ретте ол көмір энергетикасының рөліне тоқталды. Қазақстанның ірі қалаларының басым бөлігінде орталықтандырылған жылумен жабдықтау жүйесінің негізін жылу электр орталықтары құрайды. Сондықтан қолданыстағы ЖЭО-ларды техникалық тұрғыдан жарамды күйде ұстап, жаңа жобаларда қалалардың өсіп келе жатқан қажеттілігін ескеру қажет.
Көмір генерациясында жалпы қуаты шамамен 7,8 ГВт болатын 19 жоба көзделген. Бұл – жаңа станциялар салу және қолданыстағы нысандарды жаңғырту. Ірі жобалардың қатарында – Екібастұз МАЭС-2-ні кеңейту, үшінші және төртінші энергоблоктарды салу, Алматы энергетикалық торабын дамыту, жаңа көмір станциялары, – деді ол.
Оның айтуынша, көмір генерациясын дамыту кезінде заманауи экологиялық технологияларды, тазарту жүйелерін және ең үздік қолжетімді техникаларды енгізу қажет. Ал қолданыстағы станцияларды кеңейтуге олардың электр және жылу желілеріне қосылып тұрғаны, дайын алаңдары мен инфрақұрылымының болуы мүмкіндік береді.
Темірханов энергетикалық балансты жоспарлағанда өнеркәсіптің жылу мен технологиялық буға сұранысын да ескеру керегін айтты.
Өнеркәсіпке электр энергиясы ғана емес, жылу мен технологиялық бу да қажет. Ірі металлургиялық және өнеркәсіптік кәсіпорындар бу жетіспегендіктен өндірістік процестерді тоқтата алмайды. Күн және жел станциялары мұндай қажеттілікті қамтамасыз ете алмайды, – деді Темірханов.
Күн мен жел өндірісі азайғанда жүйе қалай жұмыс істейді?
Сұхбатта келтірілген дерек бойынша, 2025 жылы электр энергиясы өндірісінің шамамен 75 пайызын жылу электр станциялары, 11 пайызын газ турбиналы станциялар, 8,5 пайызын су электр станциялары қамтамасыз еткен. Жел, күн станциялары мен биогаз қондырғыларының үлесі шамамен 6 пайыз болған.
Темірхановтың пікірінше, алдағы жылдары көмір генерациясы энергожүйенің негізі болып қала береді. Болашақта атом энергетикасы базалық генерацияның қосымша көзі бола алады. Оның айтуынша, атом энергетикасы жоғары білікті инженерлер мен мамандар даярлауды талап ететін ұзақ мерзімді бағыт.
Күн мен жел станцияларының өндірісі ауа райы мен тәулік уақытына байланысты. Мысалы, кешке тұтыну өссе, күн станцияларының өндірісі төмендейді. Мұндай ауытқуларды өтеу үшін газ станциялары, гидроэнергетика, энергия жинақтау жүйелері және өткізу қабілеті жеткілікті желілер қажет. Қазақстан электр энергетикалық қауымдастығы (ҚЭҚ) энергия жинақтау жүйелерін дамыту жөніндегі жұмыс тобына қатысады.
Мұнда қарапайым қағида бар: энергожүйені ЖЭК өндірісінің өзгерістеріне дайындамай тұрып, жаңа ЖЭК қуаттарын енгізбеу керек. Резервтік қуаттар, жинақтағыштар және желілердің өткізу қабілеті жаңартылатын энергетикамен қатар дамуы тиіс, – деді ол.
Жаңа станцияларда кім жұмыс істейді?
Жаңа станциялар іске қосылған сайын жабдықты пайдаланып, оған қызмет көрсететін мамандарға қойылатын талаптар да өзгереді. Темірхановтың айтуынша, ҚЭҚ бейінді мемлекеттік органдармен бірге кәсіптік стандарттарды әзірлеуге және ЖЭО мен аймақтық электр желілік компаниялары қызметкерлері санының үлгілік нормативтерін жаңартуға қатысып отыр.
Қазір кәсіпорындарда зерттеу жүргізіліп, өндірістік операцияларға қанша уақыт кететіні өлшеніп жатыр. Соның негізінде жабдықтың қауіпсіз жұмыс істеуіне қанша маман қажет екені анықталады.
Қарапайым мысал келтірейін: егер ұшақты пайдалану үшін толық экипаж көзделсе, ол бір ұшқышпен ұша алмайды. Энергетикада да дәл осындай қағида. Күрделі жабдыққа бір-екі маман қауіпсіз қызмет көрсете алмайды. Жоспарлы жұмысты орындап қана қоймай, штаттан тыс жағдайларға жедел әрекет ете алатын бригада қажет, – деді Темірханов.
Нарық кеңесіне 3,8 трлн теңгеге жуық инвестициялық бағдарлама түскен
2026 жылы функцияларын ҚЭҚ атқаратын Нарық кеңесінің қарауына жалпы қуаты шамамен 3 ГВт болатын 21 инвестициялық бағдарлама түскен. Бағдарламаларда мәлімделген инвестицияның жалпы көлемі шамамен 3,8 трлн теңгені құрайды.
Темірханов инвестиция тартудың негізгі құралдарының бірі ретінде ұзақ мерзімді қуат нарығының тетігін атады. Ол энергетикалық кәсіпорындарға жабдықты жұмысқа әзір күйде ұстауға қаражат алуға және оны жаңғыртуға салған инвестициясын қайтаруға мүмкіндік береді. Биыл Энергетика министрлігімен келісім бойынша осы тетік қолданылуы мүмкін жабдықтар тізбесі кеңейтілген. Оған станцияның негізгі элементтерімен бірге қосалқы жабдықтың жекелеген түрлері де кірді. Кеңейтілген тізбені ескерген алғашқы жобалар Нарық кеңесінде қаралып үлгерген.
Мынадай жағдайды елестетейік: компания бірнеше жылға арналған қаржы жоспарын бекітеді. Осы уақыт ішінде отын, жабдық пен жөндеу материалдары қымбаттайды, жалақы өседі. Шығыстар артады, ал тариф бұрынғы деңгейде қалады. Айырманы кәсіпорын өз есебінен жабуға мәжбүр. Нәтижесінде жөндеуге және одан әрі инвестиция салуға қаражат азаяды, – деді Темірханов.
Оның айтуынша, ҚЭҚ болжамды тарифтік саясатты, индексацияның түсінікті кестесін және салынған капиталдың негізделген кірістілігін қолдайды. Электрмен жабдықтау тізбегінің бір кезеңінде негізделген шығын өссе, ол келесі кезеңде уақтылы ескерілуі керек. Әйтпесе шығын нарықтың жекелеген қатысушыларында жинала береді.
Электр энергиясы артылса, тариф арзандай ма?
Темірхановтың айтуынша, халық үшін профициттің басты пайдасы – әсіресе қыста электрмен жабдықтаудың сенімділігі. Ал бизнеске жаңа кәсіпорындарды желіге қосуға, өндірісті кеңейтуге және инвестициялық жобаларды іске асыруға мүмкіндік туады.
Дегенмен кейде қуат болғанымен, оны тұтынушыға жеткізу немесе жаңа абонентті желіге қосу қиын. Темірханов Ақмола облысында техникалық шарттар бойынша бұрын бөлінген қуаттың шамамен 65 пайызы пайдаланылмай отырғанын мысалға келтірді. Оның пікірінше, тұтынушы өзі мәлімдеген көлемді пайдаланбаса, аймақтық электр желілік компанияларға бөлінген қуат көлемін түзету мүмкіндігін беру қажет.
Энергия профицитінің пайда болуы электр энергиясы құнының автоматты түрде төмендеуін білдірмейді. Жаңа станцияларды салу, желілерге қосу, оларға қызмет көрсету және жөндеу керек. Мұның бәрі айтарлықтай қаржы салуды талап етеді. Инвестор ақша салады, ал ол қайтарылуы тиіс, – деді Темірханов.
Оның мәліметінше, тұтынушы төлейтін түпкі құнның шамамен 61 пайызы электр энергиясы мен қуатты сатып алуға, 35 пайызы желілер арқылы беруге, 4 пайызы жабдықтауға тиесілі. Темірханов энергетика ауқымды түрде жаңартылған сайын тарифтер қайта қаралатынын, ал коммуналдық шығынды өтеуге қиналатын тұрғындарға атаулы көмек қажет екенін айтты.
Тұтынушы не үшін және неге төлейтінін түсінуі керек, ал энергетикалық компанияның жөндеу жүргізуге, жабдықты жаңартуға және желілердің сенімді жұмысын қамтамасыз етуге мүмкіндігі болуы тиіс, – деді ол.
Бюджеттік ұйымдардың берешегі 16,7 млрд теңгеге жеткен
Темірханов саладағы өзекті мәселелердің қатарында инфрақұрылымның тозуын және энергетикалық кәсіпорындардың қаржылық тұрақтылығын атады. ҚЭҚ-ға мүше 13 аймақтық электр желілік компаниясының деректері бойынша, 2026 жылғы қазанда бюджеттік ұйымдардың осы компаниялар алдындағы берешегі 16,7 млрд теңгеге жеткен.
27 қазандағы жағдай бойынша Павлодар АЭК алдындағы жалпы қарыздың 80 пайыздан астамын мерзімі өткен берешек құраған. «Атырау Жарық» АҚ-да бұл көрсеткіш шамамен 57 пайыз болған. Шығыс Қазақстан облысында ОЭСК алдындағы өтеу мерзімі бір айдан асқан берешек бір жыл ішінде бес есеге жуық, 170 млн теңгеден 841 млн теңгеге дейін өскен.
Тұтынушы ақы төлемеді деп энергетикалық компания жұмысын тоқтата алмайды. Жалақы төлеу, материалдар сатып алу, жөндеу жүргізу, жеткізушілермен есеп айырысу керек. Ақша түспесе, кәсіпорынның айналым қаражаты азаяды. Түптеп келгенде, бұл жөндеу жұмыстарына және электрмен жабдықтаудың сенімділігіне әсер етуі мүмкін, – деді Темірханов.
Оның айтуынша, бюджеттік ұйымға коммуналдық қызметтерді өтеуге жеткілікті қаражат бөлінбесе, төленбеген шоттың салмағы энергетикалық кәсіпорынға түседі.
Егер бюджеттік ұйым коммуналдық қызметтерге жеткілікті қаржы алмаса, қарыз іс жүзінде энергетиктердің мойнында қалады. Сөйтіп кәсіпорындар бюджеттік саланы өз қаражаты есебінен несиелендіруге мәжбүр болады. Бұл – дұрыс емес модель, – деді ол.
Қауымдастық мәселені Үкімет деңгейінде шешуді ұсынып отыр. Ол үшін Энергетика, Ұлттық экономика және Қаржы министрліктері, әкімдіктер, ҚЭҚ және энергиямен жабдықтаушы ұйымдар қатысатын ведомствоаралық комиссия құру ұсынылған. Комиссия берешекті түгендеп, әр ұйымның қарыз сомасын, оның пайда болу себебін және қандай қаражат есебінен өтелетінін анықтауы керек.
ҚЭҚ өтеу мерзімдері, қаржыландыру көздері мен жауапты тұлғалар көрсетілген жол картасын бекітуді ұсынады. Берешек қайта жиналмауы үшін бюджеттік ұйымдардың коммуналдық қызметтерге уақтылы ақы төлеуіне жеткілікті қаражат қарастырып, қабылданған шешімдердің орындалуын Үкімет деңгейінде тұрақты бақылауға алу қажет деп санайды.
Ең бастысы – мұндай жағдайдың қайталануына жол бермеу. Энергетикалық кәсіпорындардың қаржылық тұрақтылығы тарифтер мен инвестицияларға ғана емес, жеткізіліп қойған ресурстарға уақтылы ақы төленуіне де байланысты, – деді Талғат Темірханов.
Ең оқылған:
- Соғымға ет аларда нені білу керек? Маман маңызды кеңес берді
- Пәтер мен көлік сатқанда түскен табыстан қанша салық төлеу керек?
- Еден жуушының шелегін тепкен директордың әйелі ме? – Ақтаудағы лицейде тексеру басталды
- Әскерге шақыруды кейінге қалдыру: Қазақстанда не өзгереді?
- QAZCONTENT басшысы БАҚ-ты жалған ақпаратпен күреске жұмылдыруды ұсынды
Аида БАТУХАН