Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығының сарапшылары 2026 жылдың тамыз айының басында ұлттық валюта нығайып, бір доллардың бағамы 483,3 теңгеге дейін төмендейді деп болжап отыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Сарапшылар мұны мұнай бағасындағы геосаяси үстеменің артуымен, шетел валютасы ұсынысының көбеюімен және теңгелік құралдардың тартымдылығы сақталып отырғанымен байланыстырады.
Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығы сарапшыларының болжамынша, бір жылдан кейін доллар бағамы 520,4 теңгеге жетуі мүмкін. Мұндай болжам теңгелік активтердің тартымдылығы біртіндеп төмендеп, импорт көлемінің артуы және ағымдағы шот тапшылығының ұлғаюымен байланысты.
Brent маркалы мұнайдың алдағы бір жылға арналған орташа бағасы жөніндегі болжам іс жүзінде өзгерген жоқ. Сарапшылар оның бір баррелі 80 доллар деңгейінде болады деп отыр. Бұған дейінгі болжам 80,9 доллар болған. Мұнай бағасына Таяу Шығыстағы геосаяси шиеленіс әлі де қолдау көрсетіп отырғанымен, ОПЕК+ елдерінің өндірісті ұлғайтуы бағаның одан әрі өсуіне тежеу болып отыр.
Осы кезеңге арналған жалпы ішкі өнімнің (ЖІӨ) өсу болжамы да аздап көтерілді – 4,5%-дан 4,6%-ға дейін. Сарапшылар мұны қаржылық жағдайдың жұмсаруы мүмкін екенімен, инфрақұрылымдық жобалардың жүзеге асырылуымен және шикізат нарығындағы қолайлы ахуалдың сақталуымен байланыстырады.
Теңгенің мұнайға тәуелділігі әлсіреді
Бұрын мұнай бағасы көтерілсе, теңге нығаяды, ал мұнай арзандаса, ұлттық валюта әлсірейді деген түсінік қалыптасқан еді. Алайда соңғы жылдары бұл заңдылық бұрынғыдай анық байқалмайды.
Экономист Айбар Олжайдың айтуынша, соңғы бес жылда мұнай фьючерстерінің бағасы төмендеген 14 айда теңге керісінше нығайған.
Соңғы жылдары теңгенің мұнай бағасына тәуелділігі айтарлықтай азайды. Соңғы бес жылдың 60 айының 14-інде мұнай арзандағанымен, ұлттық валюта нығайды. Бұл бүгінгі таңда теңге бағамы тек мұнай құнына ғана емес, бірқатар факторлардың жиынтығына байланысты қалыптасатынын көрсетеді. Сондықтан "мұнайдың бағасы осындай болса, теңге бағамы мынадай болады" деп нақты айту қиын. Қазір ұлттық валюта бағамы көп факторлы модель негізінде қалыптасады, – деді сарапшы.
Қазір теңге бағамына қандай факторлар әсер етеді?
Экономистің айтуынша, бүгінде ұлттық валюта бағамының өзгеруіне ықпал ететін негізгі факторлар мыналар:
бюджетке трансферттерді қамтамасыз ету үшін Ұлттық қордан шетел валютасын сату;
квазимемлекеттік компаниялардың экспорттан түскен валюталық түсімді өткізуі;
Ұлттық банктің ақша-несие саясаты;
салық төлеу кезеңдеріндегі шетел валютасына сұраныс;
әлемдік нарықтардағы АҚШ доллары бағамының өзгеруі.
Осылайша, қазір Қазақстанның ішкі валюта нарығындағы ахуал мен ел ішіндегі шетел валютасы ұсынысының көлемі теңге бағамына барған сайын көбірек ықпал етіп отыр.