Қазақстанда медицина қызметкерлерінің өмірі мен денсаулығын қорғау тетіктерін күшейту жоспарланып отыр. Денсаулық сақтау министрлігі әзірлеген тиісті бұйрық жобасы «Ашық НҚА» порталында жарияланды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Құжатқа сәйкес, бастама медицина қызметкерлерінің кәсіби жауапкершілігін сақтандыру жүйесін жетілдіруге, сондай-ақ олардың кәсіби міндеттерін орындау кезінде өмірі мен денсаулығын қорғау деңгейін арттыруға бағытталған.
Жоба аясында медицина қызметкерлерінің өмірі мен денсаулығын бірлесіп сақтандырудың үлгілік шарты енгізіледі. Сонымен қатар қазіргі таңда сақтандыру жүйесіне толық енгізілмеген дәрігер-интерндер мен дәрігер-резиденттер де сақтандыру қорғанысымен қамтылмақ.
Бұйрық жобасында медициналық қызметкерлердің кәсіби міндеттерін атқару кезінде үшінші тұлғалардың зорлық-зомбылық әрекеттерінен зардап шеккен жағдайда сақтандыру төлемдерін жүзеге асыру тәртібі нақты айқындалады. Сондай-ақ сақтандыру төлемдерін төлеу және денсаулыққа келтірілген зиянды бағалау рәсімдерін жетілдіру көзделген.
Құжатта медицина қызметкерлері, пациенттер және Бірыңғай сақтандыру пулының әкімшісі арасындағы өзара іс-қимыл тәртібін жетілдіру қағидалары да қарастырылған. Министрлік бұл өзгерістер сақтандыру рәсімдерінің ашықтығы мен тиімділігін арттырады деп есептейді.
Жоба авторларының айтуынша, ұсынылған түзетулер медицина қызметкерлерінің әлеуметтік және құқықтық қорғалу деңгейін көтеруге, денсаулық сақтау жүйесіндегі қатысушылардың құқықтық әрі қаржылық тәуекелдерін төмендетуге мүмкіндік береді.
Күтілетін нәтижелердің қатарында кәсіби жауапкершілікті сақтандыру тетіктерін жетілдіру, медицина қызметкерлерін, оның ішінде интерндер мен резиденттерді сақтандыру арқылы қорғауды кеңейту және сақтандыру жүйесіне қатысушылар арасындағы өзара іс-қимылдың тиімділігін арттыру бар.
Министрлік мәліметінше, құжат қабылданған жағдайда медицина қызметкерлерінің кәсіби қызмет барысында қорғалу деңгейі артып, пациенттердің өмірі мен денсаулығына зиян келтірілген жағдайларда сақтандыру өтемақысын төлеу тетіктері де жетілдіріледі.
Бұйрық жобасын қоғамдық талқылау 16 қыркүйекке дейін жалғасады.
Еске сала кетейік, 2027 жылдан бастап Қазақстан бірыңғай сақтандыру моделіне көшеді.
Тағы оқи отырыңыз:
Депутат міндетті сақтандыру жүйесіне реформа жасауды ұсынды
Қазақстанда жеке медициналық сақтандыру жүйесін енгізу ұсынылды