Қазақстан Республикасының Қаржылық мониторинг агенттігі дәрілік препараттарды сатып алу кезінде мемлекетке ірі көлемде залал келтіру фактісі бойынша тергеп-тексеруді аяқтады.
Тергеу мәліметінше, Интерфармсервис ЖШС Қазақстан аумағында Дюшенн бұлшықет дистрофиясын емдеуге арналған дәрілік заттардың жалғыз жеткізушісі болған. Компания бес жыл бойы бұл препараттарды медициналық ұйымдарға жеткізіп келген.
Алайда серіктестік басшылығы заңсыз пайда табу мақсатында жеткізу тізбегіне Біріккен Араб Әмірліктерінде тіркелген өздеріне бағынысты компанияны қосқан. Осы арқылы жалған мәмілелер жүргізіліп, дәрілік заттардың бағасы жасанды түрде өсірілген. Нәтижесінде олардың нақты өзіндік құны жасырылып, мемлекетке 3,7 млрд теңге көлемінде залал келтірілген.
Сонымен қатар, салық төлеуден жалтару үшін серіктестік басшылығы түрлі жеке кәсіпкерлермен жалған мәмілелер жасап, жалған шот-фактуралар рәсімдеу арқылы қаражатты шығару схемасын ұйымдастырған. Бұл тәсіл арқылы 4 млрд теңгеден астам қаражат қолма-қол ақшаға айналдырылған. Ал төленбей қалған салық көлемі 637 млн теңгеден асқан, - деп хабарлады ҚМА.
Тергеу барысында заңсыз жолмен алынған табысқа сатып алынған мүліктер де анықталды. Атап айтқанда, 32 пәтер, 11 автокөлік және 8 тұрғын үй алынған. Қазіргі уақытта бұл активтерге тәркілеу мақсатында тыйым салынды.
Күдіктілерге қатысты бұлтартпау шаралары қолданылды: екі адам үйқамаққа алынса, үшінші тұлғаға кепіл түріндегі шара белгіленді.
Қазір тараптар қылмыстық іс материалдарымен танысу кезеңін бастады. Қалған мәліметтер Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес жария етілмейді.
Еске салсақ, Шымкентте "салық қызметкерімін" деген алаяқ кәсіпкерді 25 млн теңгеге алдап соққан. Күдікті ұсталып, тергеу жүріп жатыр.
Тағы оқи отырыңыздар: Қазақстанда тегін дәрілер тізімі жаңарды