Сыртқы істер министрлігі Қазақстанда босқындар лагерін құру туралы ақпаратқа қатысты мәлімдеме жасады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Сыртқы саяси ведомствоның ресми өкілі Ерлан Жетібаев ел аумағында босқындарды орналастыру орталықтарын ашу жөнінде Еуроодақпен келіссөз жүріп жатыр деген ақпаратты жоққа шығарды.
Менің білуімше, мұндай келіссөздер жүргізіліп жатқан жоқ. Біз еуропалық тараппен азаматтарымыз үшін визалық талаптарды жеңілдету мәселесін талқылап жатырмыз. Бұл жұмыс реадмиссия туралы келісіммен қатар жүреді, алайда реадмиссия келісімінің мәні мүлде басқа, – деп түсіндірді СІМ өкілі.
Реадмиссия туралы келісім нені көздейді?
Сыртқы істер министрлігі реадмиссия туралы келісімнің босқындарды орналастыру орталықтарын ашуға еш қатысы жоқ екенін атап өтті.
Спикердің сөзінше, бұл құжат көші-қон заңнамасында қарастырылған жағдайларда азаматтарды өз еліне қайтаруды көздейді.
Егер азамат біздің елден заңсыз жолмен кетсе, онда біз оны өз елімізге қайтаруға міндеттенеміз, – деді Ерлан Жетібаев.
Осылайша, Еуропалық одақпен талқыланып жатқан ынтымақтастық визалық рәсімдер мен көші-қон мәселелеріне қатысты. Ал Қазақстанда босқындарды орналастыру орталықтарын ашу жөнінде келіссөз жүріп жатыр деген ақпарат шындыққа сәйкес келмейді.
Бұған дейін СІМ футболдан әлем чемпионатына баратын қазақстандықтарға ескерту жасаған еді.