Қазақстанда босқын мәртебесін тіркеу және беру қағидасы бекітілді

13 Сәуір 2022, 12:30
1341
Бөлісу:
Қазақстанда босқын мәртебесін тіркеу және беру қағидасы бекітілді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2022 жылғы 7 сәуірдегі бұйрығымен босқын мәртебесін беру туралы өтінішті тіркеу және қарау қағидасы бекітілді, деп хабарлайды Zakon.kz.

Босқын мәртебесін алу үшін пана іздеген адам Қазақстан Республикасына келген күннен бастап немесе Қазақстан аумағында болған күннен бастап 5 күнде нәсіліне, ұлтына, дініне, азаматтығына, белгілі бір әлеуметтік топқа жататынына немесе саяси көзқарасына байланысты қудалауға ұшыраған жағдайда жеке өзі немесе уәкілетті өкілі арқылы халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі жергілікті атқарушы органдарға (ХЖҚО) жазбаша өтініш береді.

Өтініш қазақ немесе орыс тілдерінде толтырылып, оған пана іздеуші мен аудармашы (аудармашы тартылған жағдайда) қол қою керек. Егер пана іздеуші өтінішті қазақ немесе орыс тілдерінде өз бетінше толтыра алмаса, онда өтінішті өтініш берушіге сәйкес аудармашы толтырады. Бұл ретте өтініш берушінің аударма сапасына қанағаттанғаны туралы жазбаша мәлімдемесі талап етіледі.

Сонымен қатар жеке басын куәландыратын құжаттар қажет.

Өтінім қабылданған күні ХЖҚО оны тіркейді. Сол күні Қазақстан Республикасынан баспана сұраған адамның куәлігі беріледі.

Куәлік 18 жасқа толған шетелдіктерге, азаматтығы жоқ адамдарға үш ай мерзімге беріледі. Алдағы уақытта оның мерзімі тағы үш айға ұзартылуы мүмкін.

Бұл куәлік босқын деп тану туралы өтініш білдірген шетелдіктің, азаматтығы жоқ адамның Қазақстан аумағында болуының заңдылығын растайды.

Ереже сонымен бірге өтінішті тіркеу және қарау тәртібін белгілейді.

Бұйрық 2022 жылғы 23 сәуірде күшіне енеді.

Өзгелердің жаңалығы