Мәжіліс депутаты Ирина Смирнова Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева атына депутаттық сауал жолдап, Қазақстандағы мектептегі биология пәнінің жағдайына алаңдаушылық білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Депутаттың айтуынша, соңғы жылдары биология пәні мектептегі басым бағыттардың бірінен қалып барады.
Биология пәніне қызығушылық азайып, оны оқыту сапасы төмендеп жатыр. Соның салдарынан мектеп түлектерінің жаратылыстану сауаттылығы жеткіліксіз деңгейде қалыптасуда, – деді Ирина Смирнова.
Оның сөзінше, дәл биология сабақтарында оқушылардың ғылыми дүниетанымы, адам ағзасы туралы білімі, салауатты өмір салты мен экологиялық мәдениеті қалыптасуы керек.
Депутат мектептерде биологияны оқытуда бірнеше проблема барын айтты:
- пән сағаттарының қысқаруы;
- практикалық және зертханалық жұмыстардың аздығы;
- оқулықтардың тым теориялық сипатта болуы;
- жыныстық тәрбие, психикалық денсаулық, ВИЧ/СПИД тақырыптарының формалды өтуі;
- ҰБТ тапсырмаларының оқушылардың нақты білім деңгейіне сәйкес келмеуі.
Осыған байланысты Ирина Смирнова биология бағдарламасын қайта қарауды ұсынды.
Депутаттың пікірінше, пәнді сыныптарға бөліп оқыту жүйесін енгізу қажет:
- 6-сынып – ботаника;
- 7-сынып – зоология;
- 8-сынып – анатомия;
- 9-11-сыныптар – жалпы биология.
Сонымен қатар ол мектептерде зертханалық жұмыстар, экскурсиялар және жобалық тапсырмалар санын арттыруды ұсынды.
Смирнова биология оқулықтарына да өзгеріс енгізу керек екенін айтты.
Атап айтқанда, «Адам физиологиясы мен денсаулығы», «Репродуктивті денсаулық және гигиена» және «Экология және тұрақты даму» бағыттарын күшейту ұсынылды.
Депутат 7-9-сыныптарда жыныстық тәрбие мен салауатты өмір салтына арналған арнайы модульдер енгізуді де көтерді.
Сонымен бірге биология мұғалімдерін қайта даярлау қажеттігі айтылды.
Мұғалімдерге репродуктивті медицина, жасөспірім психологиясы және экология тақырыптары бойынша арнайы курстар қажет, – деді ол.
Смирнова мектептердегі биология кабинеттерін микроскоптармен, гербарийлермен, адам ағзасының модельдерімен және цифрлық зертханалармен жабдықтауды ұсынды.
Бұдан бөлек, депутат ҰБТ мен БЖБ/ТЖБ жүйесіне денсаулық пен экологияға қатысты практикалық тапсырмалар енгізуді, ал 9 және 11-сыныптардағы қорытынды емтихандарды тест форматынан ауызша және практикалық форматқа ауыстыруды ұсынды.
Ирина Смирнова бұл өзгерістер оқушылардың ғылыми сауаттылығын арттырып, жастардың денсаулық пен қоршаған ортаға саналы көзқарасын қалыптастыруға ықпал етеді деп есептейді.
Еске салайық, бұған дейін мұғалімдерге артық есеп жүктеуге тыйым салынатыны хабарланды.