Соңғы бес жылда елімізде 1 млн-нан астам оқушы орнына арналған 1120 мектеп салынды. Соның нәтижесінде үш ауысымды мектептер саны мен оқушы орындарының тапшылығы төрт есе, ал апатты мектептер саны екі есе азайды.
Негізгі жобалардың бірі – «Келешек мектептері» ұлттық жобасы. Еліміз бойынша 460 мың оқушы орнына арналған осындай 217 мектеп салынды. Оның 84-і ауылдық жерлерде орналасқан. Мектептерде STEM зертханалары, робототехника кабинеттері, коворкингтер, хореография және спорт залдары қарастырылған. Бастауыш және жоғары сынып оқушылары үшін бөлек блоктар жасалып, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға кедергісіз орта қалыптастырылған.
Білім беру инфрақұрылымын дамытуға мемлекетке активтерді қайтару аясында түскен қаражат та бағытталып отыр. 2023 жылы құрылған Білім беру инфрақұрылымын қолдау қоры арқылы 100 мыңға жуық оқушы орнына арналған 90 нысанның құрылысы қаржыландырылды. Оның 83-і пайдалануға берілді, тағы жетеуін жыл соңына дейін ашу жоспарланып отыр.
Жаңа мектептер салумен қатар, жұмыс істеп тұрған білім ошақтары да жаңартылып жатыр. Соңғы бес жылда 5026 мектеп жаңғыртылды. 4,5 мыңға жуық білім беру ұйымы 7009 заманауи пәндік кабинетпен жабдықталды.
Алдағы үш жылда тағы 1300 мектепті жаңарту жоспарланған. Оның 820-сы ауылдық жерлерде орналасқан. Жоба аясында ғимараттар күрделі жөндеуден өткізіліп, пәндік кабинеттер, кітапханалар мен асханалар жабдықталады. Сондай-ақ спорт залдарын қайта жаңарту, аумақтарды абаттандыру және қауіпсіздік жүйелерін күшейту көзделген.
2026 жылы 60 мыңға жуық оқушы орнына арналған тағы 101 мектеп салу жоспарланып отыр. Негізгі міндет – оқушы орны тапшылығы мәселесін жүйелі түрде шешіп, қала мен ауыл балаларына білім алу үшін бірдей заманауи жағдай жасау.