- Мұқаба
- Жаңалықтар
- Қазақстанда баспана алу қаншалықты қиын? Депутат жаңа әдістеме ұсынды
Қазақстанда баспана алу қаншалықты қиын? Депутат жаңа әдістеме ұсынды
-
Гүлжан РАМАНҚҰЛОВА
Гүлжан Раманқұлова - BAQ.KZ ақпарат агенттігінің аға тілшісі.
30 Қыркүйек 2026, 12:44
Депутаттар жеңілдетілген ипотека, сатып алу құқығымен жалға беру және тұрғын үй сертификаттарын әр өңірдегі баспана қолжетімділігінің нақты деңгейіне байланыстыруды ұсынып отыр.
Құрылтай депутаты Бөріхан Нұрмұхамедов Премьер-министр Олжас Бектеновке жолдаған сауалында тұрғын үйдің қолжетімділігін бағалаудың бірыңғай әдістемесін енгізуді ұсынды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
«Әділет» партиясының бағдарламасында 2031 жылға қарай Қазақстан азаматтарын сапалы әрі қауіпсіз тұрғын үймен қамтамасыз ету деңгейін бір адамға шаққанда 30 шаршы метрге дейін жеткізу көзделген. Бұл мақсатқа ипотеканың қолжетімділігін арттыру, сатып алу құқығымен жалға беруді дамыту, үлескерлердің құқықтарын қорғау және тозығы жеткен тұрғын үйлерді жаңарту арқылы қол жеткізу жоспарланған.
Алайда депутаттың пікірінше, бұл міндетті орындау үшін отбасылардың баспана сатып алуға немесе жалға алуға нақты мүмкіндігі болуы қажет.
Бүгінде тұрғын үй саясатының тиімділігі негізінен салынған баспананың көлемі, пайдалануға берілген шаршы метрлер мен берілген ипотекалық қарыздардың саны арқылы бағаланады. Бірақ бұл көрсеткіштердің өсуі тұрғын үйдің халық үшін қолжетімді болғанын білдірмейді, - деді депутат.
Мәселен, 2026 жылғы тамызда тұрғын үйді жалға алу ақысы бір жылда 17,1%-ға қымбаттаған. Ал халықтың жан басына шаққандағы нақты табысы биылғы бірінші тоқсанда небәрі 0,1%-ға өскен.
2025 жылдың қорытындысы бойынша медианалық жалақы 317 мың теңгені, ал ең жиі кездесетін жалақы мөлшері 116 мың теңгені құраған. Сондықтан депутат орташа жалақыға сүйенген есептеулер қазақстандық отбасылардың баспана сатып алу мүмкіндігін шынайы деңгейден жоғары етіп көрсетуі мүмкін екенін атап өтті.
Осыған байланысты ол тұрғын үйдің қолжетімділігін бағалауда халықаралық тәжірибені ескеруді ұсынады. Мәселен, Ұлыбританияда баспананың медианалық бағасы мен медианалық жалақы салыстырылады. Еуропалық одақ елдерінде тұрғын үй шығындары қолда бар табыстың 40%-ынан асатын азаматтардың үлесі есептеледі. Канадада баспананың бағасы, сапасы және ауданының жеткіліктілігі қатар бағаланады. АҚШ-та табысының 30%-дан және 50%-дан астамын тұрғын үйге жұмсайтын отбасылар жеке есепке алынады. Ал Сингапур мен Ирландияда ипотекалық және борыштық жүктеме қарыз алушының табысына қарай шектеледі.
Депутат өңірлер бойынша тұрғын үйдің қолжетімділігін бағалайтын ресми көрсеткіштер жүйесін енгізуді ұсынды. Оның негізіне үй шаруашылықтарының медианалық табысын алу қажет. Ал баспананың құнын нақты жасалған мәмілелер, нарықтағы кредиттеу шарттары және тұруға жұмсалатын барлық шығынды ескере отырып анықтау ұсынылды.
Атап айтқанда, бірыңғай әдістемеде мынадай бес көрсеткіш болуы керек:
1. Қолжетімділік коэффициенті. Стандартты тұрғын үйдің нарықтық құнының отбасының жылдық медианалық табысына арақатынасы.
2. Шығын жүктемесі. Отбасының қолда бар табысының ипотекалық төлемге, жалдау ақысына және коммуналдық қызметтерге жұмсалатын үлесі.
3. Жинақтау мерзімі. Отбасының бастапқы жарнаны жинақтауына қажетті нормативтік уақыт.
4. Біліктілік кедергісі. Банктердің талаптары мен мемлекеттік тұрғын үй бағдарламаларының өлшемшарттарына нақты сәйкес келетін отбасылардың үлесі.
5. Отбасы бюджетіне түсетін жүктеме. Табысының 30%-дан, 40%-дан және 50%-дан астамын тұрғын үйге жұмсайтын үй шаруашылықтарының үлесі.
Бұл мәліметтерді өңірлер, елді мекендердің түрлері және отбасылардың санаттары бойынша жеке көрсету қажет.
Бұл көрсеткіштер жеңілдетілген ипотеканы, сатып алу құқығымен жалға беруді, тұрғын үй сертификаттарын және өңірлік бағдарламаларды әзірлеу кезінде ескерілуі тиіс. Мемлекеттік қолдаудың нәтижесі берілген кредиттердің санының артуымен ғана емес, отбасылардың баспанаға жұмсайтын нақты шығындарының азаюымен бағалануы керек, - деп айтты Құрылтай депутаты.
Осыған байланысты Бөріхан Нұрмұхамедов Үкіметке төрт ұсыныс жолдады.
Біріншіден, тұрғын үйдің қолжетімділігін бағалаудың өңірлік көрсеткіштер жүйесіне арналған бірыңғай әдістемені бекітудің орындылығын бағалап, үш ай ішінде 2024–2026 жылдарға арналған барлық өңір бойынша пилоттық есептеулерді ұсыну.
Екіншіден, 2027 жылдан бастап көрсеткіштерді тоқсан сайын жариялап отыратын ашық цифрлық панель іске қосу мүмкіндігін қарастыру. Онда есептеу алгоритмдері де сарапшылар қауымдастығына қолжетімді болуы қажет.
Үшіншіден, жеңілдетілген ипотека, сатып алу құқығымен жалға беру және тұрғын үй сертификаттарын беру шарттарын әр өңірдегі баспананың нақты қолжетімділік деңгейімен байланыстыру мүмкіндігін зерделеу.
Төртіншіден, қолданыстағы тұрғын үй бағдарламаларына баға беріп, олардың отбасылардың баспана сатып алуға жұмсайтын нақты шығындарын азайтуға қаншалықты ықпал еткенін көрсету.
Ең оқылған:
- 1 қазаннан бастап Қазақстанда не өзгереді?
- 583 адам декреттік төлемді қайтаруға міндеттелді: Қор ақшаны неге кері сұрайды?
- Өз шотына миллиондар аударған: Қазалыда балабақша есепшісіне қатысты тергеу басталды
- – 4°С үсік пен қатты жел: Қазақстанның бірнеше өңірінде ауа райы күрт бұзылады
- Астанада қызды көлігімен қағып, оқиға орнынан кетіп қалған жүргізуші анықталды