Қазақстанда баспана алу ережесі өзгереді: Кімдерге басымдық беріледі?

Жаңа тәртіп бойынша коммуналдық тұрғын үй қоры мен жергілікті атқарушы органдар жалға алған тұрғын үйлердің кемінде 20 пайызы жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға бөлінеді.

 ©BAQ.KZ коллажы 24 Тамыз 2026, 13:02
24 Тамыз 2026, 13:02
263
Фото: ©BAQ.KZ коллажы

Қазақстанда тұрғын үй жағдайын жақсартуға бағытталған мемлекеттік қолдау шараларының ережелеріне өзгерістер енгізілмек. Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі әзірлеген құжатқа сәйкес, баспана кезегі, табыс талаптары және жеңілдетілген ипотекаға қатысу шарттары нақтыланған, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Кімдерге баспана бірінші кезекте беріледі?

Жаңа тәртіп бойынша коммуналдық тұрғын үй қоры мен жергілікті атқарушы органдар жалға алған тұрғын үйлердің кемінде 20 пайызы жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға бөлінеді.

Сонымен қатар тұрғын үйлердің кемінде 50 пайызы мына санаттарға беріледі:

  • Ұлы Отан соғысының ардагерлері;
  • оларға теңестірілген ардагерлер;
  • басқа мемлекеттер аумағындағы жауынгерлік іс-қимылдарға қатысқан ардагерлер;
  • І және ІІ топтағы мүгедектігі бар адамдар;
  • мүгедектігі бар бала тәрбиелеп отырған отбасылар;
  • жесірлер;
  • көпбалалы аналар мен көпбалалы отбасылар;
  • отбасында І немесе ІІ топтағы мүгедектігі бар адам не ерекше қажеттілігі бар бала тәрбиелеп отырған азаматтар.

Қалған тұрғын үйлер кімдерге беріледі?

Жоғарыдағы санаттарға кірмейтін азаматтар тұрғын үйге мұқтаж ретінде бірыңғай республикалық электрондық базада немесе «Тұрғын үймен қамтамасыз ету орталығы» жүйесінде тіркелген жағдайда қалған тұрғын үй қорына үміткер бола алады.

Табысқа қойылатын жаңа талаптар

Тұрғын үй алу кезінде отбасының соңғы алты айдағы табысы есепке алынады.

Жаңа ережеге сәйкес:

  • үш және одан көп адамнан тұратын отбасыларда әр мүшеге шаққандағы табыс күнкөріс деңгейінің екі еселенген мөлшерінен аспауы тиіс;
  • екі адамнан тұратын отбасылар үшін шек – күнкөріс деңгейінің 3,5 есесі;
  • жалғыз тұратын азаматтар үшін – күнкөріс деңгейінің 5,5 есесі.

Бұл ретте еңбек және кәсіпкерлік қызметтен түскен табыстар ескеріледі.

Жеңілдетілген ипотека кімдерге беріледі?

Жылдық мөлшерлемесі 2 пайыз болатын жеңілдетілген ипотекаға тұрғын үй кезегінде тұрған және отбасы мүшесіне шаққандағы табысы күнкөріс деңгейінің бес есесінен аспайтын азаматтар қатыса алады. Олардың қатарында жетім балалар, ардагерлер, мүгедектігі бар адамдар, көпбалалы отбасылар мен жесірлер бар.

Ал 5 пайыздық және 7 пайыздық ипотекалық бағдарламаларға тұрғын үй кезегінде тұрған өзге азаматтар да қатыса алады.

Құжатқа сәйкес, тұрғын үйді бөлу және оны беру туралы шешімдерді енді «Отбасы банкінің» автоматтандырылған ақпараттық жүйесі қабылдайды. Бұл процестің ашықтығын арттыруға бағытталған.

Наверх