Парламент Мәжілісінің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінде өткен «Мектепке дейінгі білім беруді дамыту» тақырыбындағы отырыста депутат Екатерина Смолякова еліміздегі балабақшаға қолжетімділік мәселесі әлі де өзекті екенін айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Депутаттың сөзінше, Оқу-ағарту министрлігінің мәліметтері бойынша, бүгінде 2 мен 6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен қамту деңгейі 96 пайызға жеткен.
Оның айтуынша, соңғы жылдары балабақша кезегі екі есеге қысқарып, мектепке дейінгі ұйымдар желісі кеңейген. Сондай-ақ қаржыландырудың жаңа тетіктері енгізіліп, жекеменшік сектор белсенді дамып келеді.
Бұл – сөзсіз маңызды нәтижелер. Бірақ мәселе толық шешілген жоқ, – деді Екатерина Смолякова.
Мәжіліс депутатының мәліметінше, қазіргі таңда елімізде балабақша кезегінде 143 мың бала тұр. Оның ішінде 83 мыңнан астамы – 1 мен 2 жас аралығындағы бүлдіршіндер.
Сондай-ақ кезекте тұрған балалардың 80 пайыздан астамы қалаларда тұрады. Депутат мұны урбанизация үдерісінің салдары деп бағалады.
Соңғы бес жылда қалалық балабақшалардағы бала саны 528 мыңнан 600 мыңға дейін өсті. Ал ауылдық жерлерде балалар саны азайған, – деді ол.
Отырыста мектепке дейінгі білім беру жүйесінің құрылымы да өзгергені айтылды. Қазіргі таңда жекеменшік ұйымдар барлық мектепке дейінгі ұйымдардың 55 пайызын құрайды.
Еске салайық, бұған дейін Оқу-ағарту вице-министрі Шынар Ақпарова инклюзиядағы басты проблеманы атады.