Қазақстанда ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларды ерте анықтау және қолдау жүйесі толық қалыптаспаған. Бұл туралы Мәжілісте өткен талқылауда айтылды, деп хабарлайды
BAQ.KZ тілшісі.
Оқу-ағарту вице-министрі Шынар Ақпарованың айтуынша, қазіргі жүйеде бірқатар түйткіл бар.
Бізде балалардың ерекше білім беру қажеттілігі көбіне балабақшаға келген кезде ғана анықталады, – деді ол.
Оның сөзінше, бұл балаларға дер кезінде көмек көрсетуге кедергі келтіреді.
Сондай-ақ салада мынадай мәселелер анықталған:
•ерте диагностика жүйесінің әлсіздігі;
•ведомствоаралық үйлесімнің жеткіліксіздігі;
•психологиялық-педагогикалық қолдау сапасының толық бақылауда болмауы;
•педагогтердің дайындық деңгейінің жеткіліксіздігі;
•техникалық құралдармен қамтудың әлсіздігі.
Денсаулық сақтау министрлігінің деректеріне сәйкес, скрининг барысында 12 мыңнан астам балада даму бұзылыстары анықталған. Алайда олардың тек 8500-і ғана ресми тіркеліп, арнайы қызметтер алып отыр.
Бұл мәселелерді шешу мүмкіндігі шектеулі балаларды кешенді қолдау туралы заң жобасында қарастырылған, – деді вице-министр.