Қазақстанда азық-түлік тапшылығы болуы мүмкін бе? – Сарапшы пікірі

11 Наурыз 2022, 18:36
3777
Бөлісу:
Қазақстанда азық-түлік тапшылығы болуы мүмкін бе? – Сарапшы пікірі

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Сауда және интеграция министрлігі елімізде негізгі азық-түлік тауарларының қорлары жасалғанын мәлімдеді. Осы ретте елімізде азық-түлік саласында ахуал қандай, тауарға тапшылық болуы мүмкін бе? 

Сауда министрлігі не дейді?

Қазіргі уақытта Қазақстанда негізгі азық-түлік тауарларының қорлары жасалды. Өңірлер мен сауда желілері одағының ақпараты бойынша тұрақтандыру қорлары мен сауда объектілерінде қант қорлары шоғырланған, олар 3 ай бойы халықтың сұранысын қанағаттандыру үшін жеткілікті.Жеткізушілердің географиясын кеңейту және тәуекелдерді төмендету шеңберінде дайын қант өндіру үшін басқа елдерден шикі қант сатып алу жұмысы жүргізіліп жатыр. Қазақстанда 2022 жылғы тамыз айының соңына дейін кедендік баждарды төлемей 250 мың тонна қант әкелу мүмкіндігі бар, - деп мәлімдеген болатын.

Қант бағасын тұрақты деңгейде ұстап тұру үшін орталық және жергілікті атқарушы органдар сауда объектілерінің «айналым схемасын» пайдалануды және тұрақтандыру қорларынан интервенцияларды қоса алғанда, бірқатар шара қабылдайды.

Сауда және интеграция министрлігінің дерегіне сәйкес, 2021 жылы Қазақстанда меншікті қант өндірісі 276,9 мың тоннаны құрады, бұл 2020 жылғы көрсеткіштен 89 мыңға жоғары. Елімізде қант пен сірнені тұтынудың шамамен 60%-ын импорттық өнім құрайды. 2021 жылы Қазақстанға басқа елдерден 506,9 мың тонна қант жәну шикі қант  импортталды.

Ресей Федерациясынан Қазақстанға 275,8 мың тонна әкелінді, бұл былтырмен салыстырғанда 12,7%-ға аз. Бразилиядан – 164,6 мың тонна, Беларусьтен – 35,5 мың тонна, Мексикадан 30,4 мың тонна әкелінді.

Экономист, сарапшы Бауыржан Ысқақов еліміздің азық-түлік саласындағы әлеуеті қандай екенін айтып берді. Сарапшының пайымдауынша, Қазақстанның ішкі нарықты азық-түлікпен қамтамасыз етуіне әлеуеті зор.

Қазақстан азық-түлікпен де, құрылыс материалдарымен де ішкі нарықты қамтамасыз ете алады

Қазақстанда азық-түлік тапшылығы болуы мүмкін бе? – Сарапшы пікірі

Ресейден келетін астыққа, қантқа және кейбір автокөлікке жылдың аяғына дейін тапшылық болуы мүмкін екенін естідім. Әрине, тұрақты түрде бізге импортпен келіп тұрған тауарлардың бір уақытта тоқтап қалуы уақытша қиындықтар тудыратыны анық. Бірақ елімізде астықтың, қанттың және басқа да тауарлардың қоры жеткілікті. Яғни алдағы жарты жылға, тіпті бір жылға дейінгі уақытқа жететіндей қоры бар. Бұл – біріншіден. Екіншіден, Ресейдің шектеп жатқан тауарының барлығы Қазақстанда да өндіріледі. Яғни біз бәсекеге түсіп тұрған, біздің экономикаға экспортпен тауарларын кіргізіп жатқан және экономиканы импортқа тәуелді етіп отырған салалардан арылғанымызға қуануымыз керек. Одан қорқудан қажеті жоқ, - деп есептейді экономист.

Оның айтуынша, керісінше, біз бұған үлкен мүмкіндік ретінде қарауымыз қажет. 

«Жаңа Қазақстанда» жаңа экономикалық реформа жасалып жатыр деп айтып жатырмыз. Бірақ әлі де экономикамыздың 40%-ы көрші Ресейге тәуелді. Егер Ресей өз тарапынан осындай шектеулер қойса, онда ол керісінше Қазақстанға үлкен мүмкіндік береді. Яғни бұл еліміздегі шағын астықпен айналысатын, астықты дайын өнімге, ұнға, бидайға, нанға айналдыратын кәсіпорындар үшін үлкен көмек болады, - дейді Бауыржан Ысқақов.

Оның пікірінше, елімізде азық-түлік тауарлары саласында ахуал 1-2 жыл көлемінде ғана күрделі болуы мүмкін.

Біздің негізгі әлеуетіміз ауыл шаруашылығы саласы болғандықтан ол болашақта өзін-өзі ақтай алады. Одан қорқудың қажеті жоқ. Республикамызда әр облыста «тұрақтандыру қорлары» бар. Қордағы азық-түліктер кемінде жарты жылға жетеді. Яғни еліміз осы қорды пайдалана алады. Кейін нарық әрі қарай реттеледі, - деп пікірін білдірді экономист.

Айтуынша, Оңтүстік, Батыс және Солтүстік өңірлердегі егіншілік арқылы ішкі сұранысты қамтамасыз ете алатындай мүмкіндігіміз бар. Елімізде экспорттың 70%-ы сыртқа кетеді. Бізге бұл бағытты өзгертіп, кемінде 50/50 көлемінде тұрақтандыру қажет. 

Сарапшы кәсіпкерлерге тауарды валютамен сату тиімді болып отырғанын айтты. Себебі, пайданы доллармен көреді.

Экспортпен айналысатын астық компаниялары алдымен қызылша және басқа да азық-түлікпен ішкі нарықты қамтамасыз етіп, содан қалғанын ғана экспортқа шығаруы керек деп есептеймін. Өйткені біз ішкі нарықты қамтамасыз етіп алмай, сыртқа шығаруға асығамыз. Салдарынан тауарлардың 7-8%-ы ғана ішкі сұранысқа қалады. Осы мәселені шешу керек. Егер Үкімет кәсіпкерлерге осындай шарт қойса, мәселе тұрақталады, - деп айтты Ысқақов.

Тұрғын үйдің бағасы қымбаттауы мүмкін бе?

Соңғы екі айдың ішінде тұрғын үйдің бағасы 12%-ға өскен. Бұл басы ғана. Өйткені біздегі нарықтың жағдайы бір-біріне ұқсас. Одан бөлек, тұрғын үйдің құрылыс материалдарының 70%-ы сыртқы нарыққа тәуелді. Яғни елімізде экспортқа тәуелділік болғандықтан нарықты реттеу қиынға соғуы мүмкін, - деп айтты сарапшы Бауыржан Ысқақов.

Оның сөзінше, үйге қажетті материалдар, яғни цемент, арматура және басқа да материалдар өзіміздің отандық кәсіпорындарда да шығарылады. 

Халықтың қалтасын қағатын азық-түлік, киім-кешек және тұрғын үй салаларындағы импорттық тәуелділікті шеше алсақ, яғни еліміздегі отандық кәсіпорындарды қайта жандандырып, ұлттық мүддеге жұмыс істесек, 2-3 жылдың ішінде үйдің, азық-түліктің бағасын реттей аламыз. Бірақ оған уақыт пен нақты шешім керек, - деп есептейді сарапшы.

Оның сөзінше, қазіргі күні Ресейдің Экономикалық одағынан да шығуға мүмкіндік туып отыр. Осы ретте сарапшы Азияның елдерімен экономикалық байланысқа түсуге болатынын алға тартты.

Қазақстан азық-түлікпен де, құрылыс материалдарымен де ішкі нарықты қамтамасыз етуге әлеуеті өте жоғары. Тіпті көрші Қырғызстанға, Арменияға, Ресейге азық-түлік бере алатындай жағдайымыз бар. Бірінші орында ұлттық мүдде тұруы керек, - деп сөзін түйіндеді экономист Бауыржан Ысқақов.

Өзгелердің жаңалығы