Қазақстанда автосақтандыру құнын есептеу тәсілі өзгеруі мүмкін

Жеңілдіктер қысқарып, сақтандыру құны көп жүргізуші үшін қымбаттауы ықтимал.

 Яндекс карты Бүгiн 2026, 15:40
Бүгiн 2026, 15:40
98
Фото: Яндекс карты

Қазақстанда бұдан былай автосақтандыру құнын есептеу тәсіліне өзгерістер енгізілуі мүмкін, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі автокөлік иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру бойынша сақтандыру сыйақысын есептеу тәртібін өзгертуді ұсынды. Тиісті қаулы жобасы «Ашық НҚА» порталында талқылауға шығарылды.

Жаңа ережелер қандай?

Егер ұсыныс қолдау тапса, сақтандыру полисінің құны бір сыныптағы жүргізушілердің өзінде әртүрлі болуы мүмкін. Ұқыпты жүргізушілерге берілетін жеңілдіктер қысқарады, ал сақтандыру компанияларына әр клиентке қарай бағаны жеке белгілеуге алғаш рет рұқсат беріледі.

Негізгі өзгерістер «бонус-малус» жүйесіне қатысты болмақ. Бұл – 15 санаттан тұратын шкала, мұнда тәртіпті жүргізушілер жеңілдік алса, жол ережесін бұзғандар мен жол-көлік оқиғасына түскендер керісінше көбірек төлейді.

Агенттіктің басты жаңалығы апатсыз ұзақ жыл жүрген жүргізушілерге қатысты. Бұған дейін 13-сынып 50% жеңілдік (коэффициент 0,50) берсе, жаңа ереже бойынша бұл көрсеткіш 0,70-ке дейін өседі.

Осылайша мінсіз жүргізушілер үшін жеңілдік азаяды.

«Қауіпті» жүргізушілерге жеңілдік бар ма?

М1 және М2 санаттары (бірнеше рет жол апатына түскен жүргізушілер кіретін топтар) жойылуы мүмкін. Реттеушінің айтуынша, олардың үлесі өте аз – небәрі 0,001%.

Соның нәтижесінде бұл санаттағы жүргізушілер үшін сақтандыру құны тіпті төмендеуі мүмкін.

Дегенмен адам шығыны болған ауыр жол апаттары немесе өрескел заң бұзушылықтар үшін базалық «айыппұлдық» тарифке қосымша 20% үстеме қосылып, қорытынды коэффициент 2,94-ке дейін жетуі ықтимал.

Сақтандыру компанияларына еркіндік беріледі

Реформаның ең маңызды тұстарының бірі – сақтандыру компанияларына көбірек еркіндік берілуі.

Қазақстандағы міндетті автосақтандыру тарихында алғаш рет компанияларға полис құнын ±10% аралығында өз қалауынша өзгертуге мүмкіндік берілмек.

Яғни енді сақтандыру құны тек қатаң кестеге ғана емес, компанияның ішкі есептеу жүйесіне де тәуелді болады. Тіпті тәуекелі төмен клиенттің өзі қосымша төлем жасауға мәжбүр болуы мүмкін немесе керісінше жеңілдік алуы ықтимал.

Аймақтық коэффициенттер (Астана, Алматы және басқа өңірлер үшін) әзірге сақталады. Олар жыл сайын «жиналған сақтандыру сыйақысы» көрсеткіші негізінде қайта қаралып отырады.

Жалпы алғанда, автосақтандыру жүйесі икемдірек әрі жеке тәсілге бейімделген сипатқа көшеді. Алайда көптеген жүргізуші үшін оның құны қымбаттауы да мүмкін.

Құжаттың соңғы нұсқасы мен қабылдану мерзімі қоғамдық талқылау қорытындысына байланысты болады.

Наверх