Қазақстанда ауыл шаруашылығын дамытуға жүздеген млрд теңге бөлінеді: Қаражат қайда жұмсалады?

Аграрлық салаға бөлінетін қаржы мал шаруашылығын қолдау мен ауыл шаруашылығы техникасын жаңартуға бағытталады.

 Ауыл шаруашылығы министрлігі 29 Қазан 2026, 10:25
29 Қазан 2026, 10:25
109
Фото: Ауыл шаруашылығы министрлігі

Қазақстанда агроөнеркәсіп кешенін дамытуға жүздеген миллиард теңге бағытталады. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Үкімет отырысында мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Қаражаттың қайда жұмсалатанын түсіндірген министрдің мәліметінше, Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау үшін министрлік бірқатар жүйелі шара қабылдайды.

Шаруаларды ұзақ мерзімді жеңілдетілген қаржыландырумен қамтамасыз ету үшін бюджет қаражаты мен коммерциялық қаражатты ұштастыру қағидаты көзделеді. Бұл «ұзақ мерзімді» қаражаттың қолжетімділігін арттырып, қолма-қол ақшаны бақылау шотындағы қаражат жеткіліксіз болған жағдайда да уақтылы қаржыландыруды қамтамасыз етеді. Осыған байланысты «Бәйтерек» холдингі купондық сыйақыны субсидиялау тетігі арқылы бюджеттен тыс қаражат тартуды жалғастырып, оны агроөнеркәсіптік кешенге кредит беруге бағыттауы қажет, - деп атап өтті ведомство басшысы.

Айтуынша, бұл ретте биыл «Бәйтерек» холдингі желісімен ұзақ мерзімді қарызға 270 млрд теңге көзделген.

Оның ішінде мал сатып алуға қазіргі уақытта 64,2 млрд теңге бағытталды. Белгіленген мақсаттарды толық іске асыру үшін Аграрлық несие корпорациясы арқылы мал шаруашылығын қолдауға 84 млрд теңге бюджет кредитін бөлу қажет. Сондай-ақ Қазақстанның Даму Банкі арқылы инвестициялық жобаларды іске асыруға 2026 жылы 35 млрд теңге бөлінуі қажет. Отандық тракторлар мен комбайндар өндірісін ұлғайту жөніндегі тапсырманы орындау үшін биыл ҚазАгроҚаржы арқылы бюджеттік кредитке 50 млрд теңге бөлуді қамтамасыз ету қажет, - деді Айдарбек Сапаров.

Сонымен қоса, Құрылтай депутаттарымен ҚазАгроҚаржыға қосымша 37,5 млрд теңге бөлу ұсынылды. Бұл 2027 жылы ауыл шаруашылығы техникасының жеңілдетілген лизингіне 200 млрд теңге тартуға мүмкіндік береді.

Наверх