Қазақстанда әрбір бесінші ересек адам семіздікке шалдыққан

 ©BAQ.KZ/Мақпал Орынбек 9 Қазан 2026, 10:43
9 Қазан 2026, 10:43
205
Фото: ©BAQ.KZ/Мақпал Орынбек

Қазақстанда ересектер арасындағы семіздіктің таралу деңгейі 21 пайызға жеткен, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Мамандардың айтуынша, артық салмақ екінші типтегі қант диабеті, жүрек-қан тамырлары аурулары, бүйрек жеткіліксіздігі және басқа да ауыр дерттердің даму қаупін арттырады. 

Бұл туралы Диабет, эндокриндік және метаболизмдік аурулар қауымдастығының президенті Айгүл Дурманова мәлімдеді.

Пайымдауынша, семіздік – тек сыртқы келбетке қатысты мәселе емес, созылмалы ауру. Оған өмір салты, дұрыс тамақтанбау, фастфуд өнімдерін тұтыну және қимыл-қозғалыстың аздығы әсер етеді.

Семіздік қандай ауруларға әкелуі мүмкін?

Маманның сөзінше, семіздік денсаулыққа бірқатар қауіп төндіріп, созылмалы аурулардың дамуына ықпал етеді. Олардың қатарында екінші типтегі қант диабеті, жүрек-қантамыр аурулары, инсульт, миокард инфаркті және кейбір онкологиялық аурулар бар.

Сонымен қатар семіздік репродуктивті денсаулыққа да әсер етуі мүмкін. Айгүл Дурманова артық салмаққа шалдыққан пациенттер арасында бедеулік мәселесі де кездесетінін атап өтті.

Семіздік – жай ғана эстетикалық мәселе емес, созылмалы ауру. Оның алдын алу және дер кезінде емдеу маңызды, – деді дәрігер елордада өткен баспасөз конференциясында.

Оның пікірінше, семіздіктің алдын алу үшін халықтың осы мәселе туралы хабардарлығын арттырып, дұрыс тамақтану мен дене белсенділігіне басымдық беру қажет. Әсіресе балалардың гаджеттерге ұзақ уақыт бойы телміріп, аз қозғалуы алаңдаушылық туғызады.

Семіздікті емдеудің қандай тәсілдері бар?

Айгүл Дурманованың айтуынша, семіздікті емдеу тек диета мен физикалық жүктемемен шектелмейді. Қажет болған жағдайда дәрі-дәрмекпен емдеу, яғни фармакотерапия да қолданылады.

Маман ересектердегі семіздікті емдеу жөніндегі клиникалық хаттаманы әзірлеуге қатысқанын айтты. Оның сөзінше, хаттамада семіздікті емдеуге арналған екі молекула қарастырылған.

Сондай-ақ Қазақстанда семіздікті емдеуге арналған семаглутид негізіндегі «Вегови» препараты тіркелгенін атап өтті.

Маман семіздікке шалдыққан адамдарға медициналық көмекке жүгініп, эндокринолог немесе терапевтпен кеңесуге кеңес береді. Емдеу тәсілі пациенттің жағдайына және медициналық көрсеткіштеріне қарай таңдалуы керек.

Семіздік денсаулық сақтау жүйесіне де салмақ түсіреді

Айгүл Дурманова семіздіктің қоғамдық денсаулық сақтау саласына түсіретін жүктемесіне де тоқталды. Оның айтуынша, бұл диагноз медицинада әрдайым тіркеле бермейді. Сондықтан ресми статистика елдегі нақты жағдайды толық көрсетпеуі мүмкін.

Семіздікке шалдыққан адамдарда уақыт өте келе созылмалы аурулар пайда болса, ұзақ мерзімді емдеу мен медициналық бақылау қажет болады. Мысалы, миокард инфарктін емдеуге жоғары технологиялық медициналық көмек қажет болуы мүмкін. Ал бүйрек жеткіліксіздігінің соңғы сатысына жеткен пациенттер тұрақты түрде гемодиализ қабылдауға мәжбүр.

Осыған байланысты маман семіздіктің алдын алу ауыр асқынулардың қаупін төмендетуге және денсаулық сақтау жүйесіне түсетін қаржылық жүктемені азайтуға көмектесетінін атап өтті.

Сондай-ақ ол балалардың тамақтануына назар аударудың маңызын айтты. Мектеп асханаларындағы тағамдардың құрамы мен калория мөлшері де балалардың денсаулығына әсер ететін факторлардың бірі.

Қазақстан Еуропа тәжірибесін енгізуге мүдделі

Жиын барысында Еуропалық семіздікті зерттеу қауымдастығының президенті, профессор Волкан Демирхан Юмук те онлайн байланыс арқылы сөз сөйледі.

Оның айтуынша, семіздікке қоршаған орта, генетикалық және биологиялық факторлардың өзара ықпалы әсер етеді. Сондықтан бұл ауруды адамның ерік-жігерінің әлсіздігімен байланыстыру дұрыс емес. Семіздіктің алдын алу мен емдеу қатар жүргізілуі керек.

Профессор Еуропалық семіздікті зерттеу қауымдастығы 1986 жылы құрылғанын және қазір 40 елді біріктіретінін айтты. Қауымдастықтың семіздікті емдеу жөніндегі ынтымақтастық орталықтары желісінде Еуропа бойынша 250-ден астам орталық бар. Оның мәліметінше, бұл желі жыл сайын 400 мыңнан астам пациентке қызмет көрсетеді.

Волкан Демирхан Юмук Қазақстанның қауымдастыққа мүше болуға өтініш бергенін атап өтті. Оның сөзінше, еліміз ұйым құрамына енген жағдайда семіздікті емдеу орталықтарын дамытуға, медицина мамандарын оқытуға, ғылыми зерттеулер жүргізуге және халықаралық тәжірибе алмасуға мүмкіндік туады.

Профессор семіздікпен күресте алғашқы медициналық-санитариялық көмек мамандарының рөліне де тоқталды. Оның пікірінше, дәрігерлердің біліктілігін арттыру және ғылыми дәлелдерге негізделген емдеу тәсілдерін қолдану семіздікке шалдыққан адамдарға көрсетілетін көмектің сапасын жақсартуға ықпал етеді.

Наверх