Қазақстанда апорт алмасынан әтір жасалады

26 Наурыз 2025, 13:15
1614
Бөлісу:
Қазақстанда апорт алмасынан әтір жасалады
PHOTO
Фото: кейіпкердің жеке мұрағатынан

Елімізде парфюмерия өнімдерін жасап, өндіріске ұсынып жүрген ғалымдардың қатары артып келе жатыр. Осы ретте, "Алматы апорты" хош иісті әтірі арқылы Алматы қаласын әлемге танытып жүрген "Болашақ" бағдарламасының түлегі, жас ғалым Гүлжан Түзелбаевамен Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі сұхбаттасты.

Гүлжан парфюмер болуды бала кезінен армандаған. Білімін жетілдіру үшін ол иіссудың отаны Францияға аттанған. Сол жақтағы парфюмериялық институтқа түсіп, білім алып шығады. Қазір бірнеше иіссу топтамасының авторы атанған.

Парфюм жасауды бала кезімнен армандап, қызықтым. Жасөспірім шақта хош иісті әтір суын жасап, елімізді әлемге танытатын бренд ойлап табуды қалайтын едім. Дегенмен бірден осы салада еңбек еттім деп айта алмаймын. Менің бірінші мамандығым – қаржыгер, екінші мамандығым – театр және кино актрисасы. Карантин уақытында үйде болғандықтан, өзіме ұнайтын іспен айналысуды жөн көрдім. Осылайша, алғаш рет парфюмдердің түр-түрін жасауға кірістім. Осы бейімімді әрі қарай дамыту үшін Францияның үздік Грац парфюмериялық университетінде білім алдым. Мұғалімдерге, парфюмерия мамандарына мен шығарған иіссулар ұнады. Олардан көп мақтау естідім. Сондықтан ойға алған істі жүзеге асыруға бел будым, - деді Гүлжан Түзелбаева.

Қазақстанда апорт алмасынан әтір жасалады
Фото: кейіпкердің жеке мұрағатынан

Ғалымға апорт хош иісімен парфюм жасау идеясы Францияда оқып жүргенде келген. Онда ол қажетті білім алып, оны іс жүзінде қолданғысы келіпті. Ол сандал ағашы мен балқарағай табиғи ингредиенттерін пайдаланып, "синтетикалық алманы" тамшылату арқылы әйгілі апорттың хош иісін алған. Алма иісіне қышқылдық беруі үшін ваниль, апельсин және гольбан қосылған.

Қазіргі таңда өз қолыммен жасаған 20-дан астам парфюм бар. Соның ішінде жаңашыл дүние ретінде апорт алмасынан жасалған хош иісті әтірді айтар едім. Неге десеңіз, бұл иіс франциялық, италиялық, америкалық алмалардан өзгеше. "Алматы апорты" менің дипломдық жұмысым. Бәріне сол кезде қатты ұнады. Сатып алушылар көп болды. Артынша, "Апорт", "Жаңа апорт" иіссуларын жасап шықтым. Менде апорттың бес түрі бар. Алдағы уақытта "Жусан" хош иісті парфюмімді жасап шығаруды мақсат етіп отырмын, - деді жас ғалым.

Қазақстанда апорт алмасынан әтір жасалады
Фото: кейіпкердің жеке мұрағатынан

Гулжанның айтуынша, иіссудың алдымен формуласы жасалады. Яғни құрамын, мөлшерін анықтап алады. Бір тамшы артық не кем болса, иіссу мүлдем өзеріп кетеді.

Әтірді жасап шығару үшін бір күн, кейде бір апта кетеді. Оның барлығы адамның көңіл-күйіне байланысты. Егер адам ісін қуанышпен, аса ынта-жігермен бастаса, ол іс өнімді болып, бірден іске асуы мүмкін. Иіссудың алдымен формуласы жасалады. Яғни құрамын, мөлшерін анықтап алады. Бір тамшы артық не кем болса, иіссу мүлдем өзеріп кетеді. Қазіргі уақытта менің бір ғана көмекшім бар. Болашақта парфюм саласында шәкірттер даярлап, елімізде осы саланың дамуына үлес қосқым келеді, - деді ол. 

Гүлжан өнімдерінің халықаралық талапқа сай болуы үшін кейбір ингредиенттерді шетелден алдыратынын атап өтті. Болашақта елімізде парфюмерия өндірісін жан-жақты дамытып, осы салада алға жылжу қажет екендігін атап өтті. 

Мен тек жоғары сапалы шикізатпен жұмыс істеймін. Әлемдегі өзге парфюмерлер сияқты мен де біршама ингредиенттерді Франциядан аламын. Сондай-ақ өзім де ингредиенттерді әзірлеймін, бірақ бұл процесс әлі де алда деп ойлаймын. Мүмкіндігінше Қазақстаннан қосымша материалдар алып, ұзақ уақыт бойы ізденемін. Қорапшалар мен басқа да құрамдас бөліктерін Алматы қаласында жасаймыз. Ал флакондарға байланысты уақытша мәселелер туындады. Біз осы кедергілердің алдын алып, шешімін табуға барынша тырысамыз. Меніңше, Қазақстанда парфюмерия ісін дамыту үшін ең бастысы дамуға деген ұмтылыс маңызды. Сонда ғана ойлаған мақсатты өз елімізде жүзеге асыруға мүмкіндік бар. Жоғарыда айтып өткенімдей, флакондарды Қазақстаннан табу оңай емес. Сондықтан біз қазір парфюм әзірлеуде француз флакондарын қолданамыз. Негізі, Қазақстан парфюмерия өнімдерін импорттайды. Бізге парфюмерия өндірісін жан-жақты дамытып, осы салада алға жылжу қажет. Қолымыздан бәрі келеді, бәрі өзімізге байланысты, - дейді Гүлжан Түзелбаева.

Қазақстанда апорт алмасынан әтір жасалады
Фото: кейіпкердің жеке мұрағатынан
Өзгелердің жаңалығы