Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Қазақстанда алкоголь сату тәртібін күшейту ұсынылды

24 Шілде 2025, 20:06
1093
Бөлісу:
 pixabay.com
Фото: pixabay.com

Елімізде алкоголь өнімдерін сатуға бақылауды күшейту ұсынылуда. Бұл туралы құқықбұзушылықтардың алдын алу жөніндегі Ведомствоаралық комиссия отырысында айтылды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Ішкі істер министрі Ержан Саденовтің мәлімдеуінше, полиция қызметкерлері қоғамдық орындарда алкоголь ішуге қатысты 107 мың деректі анықтаған. 11 мың адамға алкоголь тұтынуға тыйым салынған.

Қоғамда ішімдікке төзімсіз көзқарас қалыптастыруға да күш салынуда. Қазіргі таңда Қазақстанда 402 елді мекен спирттік ішімдіктен толық бас тартқан.

Министрдің айтуынша, алкоголь айналымы саласында 7 мың заңбұзушылық тіркелген. Кәсіпкерлік субъектілеріне 370 миллион теңгеден астам айыппұл салынып, 2 252 нысанның лицензиясы кері қайтарылған. Алайда кейбір кәсіпкерлер лицензияны басқа тұлғалар атына рәсімдеу арқылы, сондай-ақ бар атауымен алкогольді тәулік бойы сатуды жалғастырып отыр.

Отырыс барысында ішімдіктің таралуымен күресте кешенді тәсілдің қажет екені айтылды. Атап айтқанда, алкоголь саудасына рұқсат беру талаптарын күшейту, сондай-ақ оны тек жұмыс уақыты шектелген мамандандырылған дүкендерде ғана сату мәселесі қарастырылды.

Айта кетейік, 2014 жылы Қазақстанда спирттік ішімдіктерді сату уақытына шектеу енгізілген болатын. Мәселен, сағат 21:00-ден 12:00-ге дейін күшті алкоголь, ал сағат 23:00-тен 08:00-ге дейін слабоалкогольді сусындарды дүкендерде сатуға тыйым салынған. Бұған дейін, 1999 жылы қабылданған шектеулер бойынша, жұмыс күндері сағат 23:00-ден 08:00-ге дейін, демалыс және мереке күндері сағат 00:00-ден 08:00-ге дейін ішімдік сатуға рұқсат етілмеген болатын.

2020 жылғы 17 шілдеден бастап "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" жаңа кодекске сәйкес, алкоголь мен темекі өнімдерін 21 жасқа толмаған адамдарға сатуға тыйым салынды. Бұған дейін бұл шектеу тек 18 жасқа дейінгі жастарға қатысты болған.

2024 жылы қоғамдық тамақтану орындарында түнгі сағат 02:00-ден кейін алкоголь сатуға тыйым салу сияқты шектеулерді енгізу ұсыныстары да талқыланған.

Бұған дейін Маңғыстауда екі ауыл ішімдіктен толық бас тартқанын жазғанбыз. Ал Қызылорда облысындағы 18 ауылда ішімдік сатылмайды.

Өзгелердің жаңалығы