Қазақстанда алимент төлемей жүргендерді қоғамдық жұмысқа тарту ұсынылды

28 Наурыз 2022, 11:42
2051
Бөлісу:
Қазақстанда алимент төлемей жүргендерді қоғамдық жұмысқа тарту ұсынылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Мәжілісте өткен Үкімет сағатында Палата депутаты Мади Елубаев алимент төлемей жүргендерді қоғамдық жұмысқа тартуды ұсынды. Сондай-ақ депутат Әділет министрі Қанат Мусиннен не себепті борышкерлердің кейбірі ғана жазаға тартылатынын сұрады.

Өндіріп алушылардың құқықтарын бұзу себептерінің бірі – борышкерге ықпал етудің барлық құралы толық көлемде жұмыс істемеуінде. Қылмыстық Кодекстің 139-бабына сәйкес мұндай алимент төлемейтін азаматтар қылмыстық жауапқа тартылу жазасы көзделген. Бірақ ешкім жазаға тартылмайды. Яғни мұнда жазаның бұлтартпастық қағидаты жұмыс істемейді. Мысалы, Кеңес Үкіметі кезінде мұндай тұлғалармен ешкім әуре-сарсаңға түспейтін. Оларды бірден қылмыстық жазаға тартылатын. Ал қазіргі әдейі алимент төлемейтін тұлғалар ешқандай жазаға тартылмайды, - дейді депутат.

Сөзінше, оларды қоғамдық жұмыс сияқты жазаға тартуға болар еді.

Бүгінгі мыңдаған алимент төлемей жүргендердің неге кейбіреуі ғана жазаға тартылады. Бұл проблеманы шешу үшін қандай шараларды қолдану керек? Сондай-ақ заңнамалық базаға өзгертулер қажет пе? – деп сұрады депутат.

Әділет министрі Қанат Мусин 2021 жылы сот орындаушылардың ұсыныстары бойынша полиция органдарына сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізу үшін Қылмыстық Кодекстің 139-бабы бойынша 1 637 материал жіберілгенін айтты.

Алимент бойынша 316 борышкер қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Оның 157 ақталмайтын негіздер бойынша қысқартылған. Ал 159 борышкер сотталды. Бұрын мұндай статистика бізде болған жоқ. Жылына тек 60 адамнан аспайтын. Жоғарғы Соттың нормативтік қаулысына өзгерістер енгізілгеннен кейін оған жол ашылды деп айтуға болады. Жыл сайын жауапкершілікке тартылған борышкерлер саны өседі деп ойлаймын, - деп жауап берді министр. 

Қанат Мусиннің айтуынша, алимент төлемей жүрген адамдардың ішінде объективті түрде жағдайы болмаған адамдар да бар.

Сондай-ақ қасақана төлемей жүрген адамдар да бар. Әрқайсысына сен төлемедің деп, қылмыстық жауапкершілікке тарту заңсыз. Оны тергеп, анықтау керек. Егер төлеуден қасақана қашып жүрсе, онда жауапқа тартуға болады. Бірақ оған қандай жаза беру керегін біз (Әділет министрлігі – ред.) шешпейміз. Оны сот шешеді. Егер Қылмыстық Кодекстің 139-бабында «қоғамдық жұмыс» деген жаза болса, онда оны сот шешеді, - деп толықтырды Әділет министрі.

Министр ал егер ондай тармақ болмаса, онда оны енгізу депутаттардың қолында екенін айтты.

Өзгелердің жаңалығы