Заң жобасын таныстырған сенатор Мұрат Қадырбектің айтуынша, бұл бастама Мемлекет басшысының биылғы наурызда берген тапсырмасын орындау мақсатында әзірленген.
Сенатордың сөзінше, рақымшылық мемлекеттің қылмыстық саясатты жұмсартуы емес, Конституция қабылданғаннан кейінгі жаңа кезеңге орай қабылданып отырған біржолғы ізгілік актісі.
Рақымшылық жауаптылық қағидатынан бас тартуды білдірмейді. Бұл – заңда нақты белгіленген жағдайларда қолданылатын ізгілік актісі. Оның мақсаты қылмысқа қатысты ұстанымды жұмсарту емес, қоғамға қайта бейімделуге мүмкіндік беру,- деді Мұрат Қадырбек.
Заң жобасына сәйкес, қылмыстық теріс қылықтар мен онша ауыр емес қылмыстар жасаған адамдар, сондай-ақ келтірілген залалды толық өтеген немесе азаматтық талап қойылмаған ауырлығы орташа қылмыс жасаған азаматтар қылмыстық жауаптылықтан немесе негізгі жазадан босатылады.
Ал ауырлығы орташа қылмыс жасаған өзге сотталғандардың жазасының өтелмеген бөлігі екі есеге қысқартылады.
Сондай-ақ ауыр және аса ауыр қылмыс жасағандардың жазасы белгілі бір талаптар орындалған жағдайда қысқартылады. Мәселен, келтірілген залал толық өтелген жағдайда ауыр қылмыс үшін тағайындалған жаза мерзімі үштен біріне, аса ауыр қылмыс үшін төрттен біріне азаяды.
Сонымен қатар заңда ең қауіпті қылмыстар үшін жауапкершіліктің бұлтартпастығы сақталған.
Рақымшылық сыбайлас жемқорлық, терроризм, экстремизм, кәмелетке толмағандардың жыныстық тиіспеушілігіне қарсы қылмыстар, азаптау, адам өлтіру, мемлекетке опасыздық жасау және өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалған адамдарға қолданылмайды.
Заң жобасының басты жаңалығының бірі – Қазақстан тарихында алғаш рет әкімшілік рақымшылықтың енгізілуі.
Оған сәйкес заң күшіне енген күнге дейін орындалмаған әкімшілік айыппұлдары бар азаматтар, жеке кәсіпкерлер, нотариустар, адвокаттар, жеке сот орындаушылары мен заң консультанттары әкімшілік жазадан босатылады.
Бұл қадам азаматтар мен кәсіпкерлік субъектілерінің қаржылық жүктемесін азайтуға және олардың экономикалық белсенділігін қолдауға бағытталған,- деді сенатор.
Алайда қоғамдық қауіпсіздікке, азаматтардың өмірі мен денсаулығына, сондай-ақ мемлекеттің мүдделеріне қауіп төндіретін құқық бұзушылықтар жасаған адамдарға әкімшілік рақымшылық қолданылмайды.
Сенатордың айтуынша, рақымшылық туралы негізгі заңмен қатар Қылмыстық кодекске, Қылмыстық-процестік кодекске және Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске өзгерістер енгізу көзделген. Түзетулер рақымшылықты іске асыру тетіктерін нақтылауға, сотқа дейінгі тергеу рәсімдерін жетілдіруге және әкімшілік іс жүргізуді цифрландыруға бағытталған.
Бұдан бөлек, атқарушылық іс жүргізу және құқық бұзушылықтардың алдын алу мәселелері бойынша түзетулер енгізіліп, «Заң мен тәртіп» қағидатын іске асыру жөніндегі ведомствоаралық комиссия құру ұсынылып отыр.
Талқылау қорытындысы бойынша сенаторлар заң жобаларын қолдап, мақұлдауды ұсынды.
Біз бұған дейін Қазақстанда 500 мыңнан астам адамның айыппұлы кешірілетіні жайлы жазған едік.