Қазақстанда соңғы жеті жылда 536 жаңа спорт нысаны пайдалануға берілді. Нәтижесінде халықтың спорт инфрақұрылымымен қамтылу деңгейі 44%-дан 59,6%-ға дейін өсті.
Қазіргі таңда елімізде барлығы 26 518 спорт нысаны жұмыс істейді. Оның 24 321-і мемлекеттік, ал 2 197-сі жекеменшік нысандар. Инфрақұрылым құрамына стадиондар, дене шынықтыру-сауықтыру кешендері, бассейндер, теннис корттары, велотректер, шаңғы базалары және мамандандырылған спорт нысандары кіреді.
Сонымен қатар соңғы жылдары 75 тез салынатын спорт нысаны бой көтерді.
Спорт инфрақұрылымын одан әрі дамыту мақсатында өңірлерде жеке инвестиция тартуға бағытталған Жол картасы әзірленді. Жаңа нысандарды жобалау және салу кезінде халықтың барлық санаты үшін қолжетімділік пен әмбебаптық талаптары ескерілуде.
Өңірлердегі ірі спорт нысандары
2019 жылдан бері еліміздің өңірлерінде бірқатар ірі спорт нысаны пайдалануға берілді.
jekpejek.kz
Астанада Жақсылық Үшкемпіров атындағы «Жекпе-жек» сарайы мен «Қазақстан» жеңіл атлетика спорт кешені салынды. Қостанайда жаңа мұз сарайы пайдалануға берілді.
Алматы облысында Республикалық олимпиадалық даярлау базасы іске қосылды. Кешен ұлттық құрама мүшелері мен олимпиадалық резервті даярлауға арналған.
Қызылордада 11 мың көрерменге арналған жаңа стадион пайдалануға берілді. Нысанның спорттық жабыны УЕФА талаптарына сәйкес келеді.
Ал Түркістанда мұз сарайы, Теннис орталығы және халықаралық деңгейдегі ескек есу арнасы іске қосылды. Бұл нысандар есу спортын дамытуға және өңірдің туристік әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді.
Ақмола облысының Зеренді қаласында балалар-жасөспірімдер спорт мектебіне арналған, аумағы 6 мың шаршы метрден асатын спорт кешені пайдалануға берілді.
Ал елордада биыл Ұлттық спорт университетінің құрылысы аяқталды. Ол білім беру мекемесімен қатар, көпсалалы спорттық және ғылыми орталық ретінде жұмыс істейді.
Инклюзивті спортқа арналған жаңа нысандар
Соңғы жылдары спорт инфрақұрылымын дамытуда параспортшылар мен мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған нысандарға да басымдық беріліп келеді.
2025 жылғы желтоқсанда Қазақстанда алғаш рет бірден төрт инклюзивті спорт орталығы пайдалануға берілді.
Астанадағы инклюзивті спорт орталығының аумағы – 3 600 шаршы метр. Мұнда спорт залдарымен қатар медициналық және оңалту бөлімдері, конференц-зал және спортшыларға арналған қонақүй бөлімі қарастырылған. Орталықта 12 бейімделген спорт түрі бойынша жаттығу өткізіледі.
Қызылорда облысында аумағы 3 300 шаршы метр болатын инклюзивті спорт орталығы салынды. Нысанда волейбол, күрес және жалпы дене дайындығына арналған залдармен бірге олимпиадалық стандарттарға сай 50 метрлік бассейн бар. Мұнда бір мезетте 130 адамға дейін спортпен айналыса алады.
Ақтөбедегі «Қуат» инклюзивті спорт кешенінің аумағы – 4 855 шаршы метр. Кешенде 25 метрлік бассейн, әмбебап және күрес залдары, жаттығу бөлмелері, үстел теннисі залы және 200 орындық трибуна бар. Нысан күніне 500 адамға дейін қабылдай алады және 20-дан астам спорт түрімен айналысуға мүмкіндік береді.
Ал Батыс Қазақстан облысында мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған, 200 адамға есептелген спорт кешені ашылды. Оның аумағы – 2 025 шаршы метр. Мұнда параволейбол, парабаскетбол, парадзюдо, парапауэрлифтинг, бадминтон және мини-футбол сияқты спорт түрлеріне жағдай жасалған.
Қаржыландырудың жаңа тетіктері
Спорт инфрақұрылымын дамытуға бюджетпен қатар басқа да қаржы көздері тартылуда.
2025 жылдан бастап бірқатар спорт нысаны Арнайы мемлекеттік қордың қаражаты, яғни қайтарылған активтер есебінен салынып жатыр. Ал 2026 жылдан бастап спорт нысандарының құрылысына Инфрақұрылымды дамыту қорының қаражаты бағыттала бастады.
Бұдан бөлек, жекеменшік инвестициялар мен демеушілік қаражат есебінен де жаңа спорт кешендері салынуда.
Жалпы, жаңа нысандардың салынуы Қазақстанда спортпен айналысуға қолжетімділікті арттырып, бұқаралық, балалар-жасөспірімдер және инклюзивті спортты дамытуға қажетті инфрақұрылымды кеңейтуге мүмкіндік беріп отыр.