Қазақстанда 6 мыңға жуық бала диабетпен есепте тұр

Елімізде балалар арасында диабеттің екі түрі кездеседі.

 pixabay.com 9 Қазан 2026, 18:32
9 Қазан 2026, 18:32
225
Фото: pixabay.com

Балалардағы семіздік екінші типті қант диабетінің даму қаупін арттырады. Дәрігер ата-аналарға қандай белгілерге назар аудару керегін және аурудың екі түрінің айырмашылығы неде екенін түсіндірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Қазақстанда шамамен 6 мың бала бірінші типті қант диабетімен диспансерлік есепте тұр. Ал екінші типті қант диабеті балалар арасында да өзекті мәселеге айналып келеді. Диабет орталығының жетекшісі, балалар эндокринологы Айдана Қырықбаева балалардағы диабеттің екі түрінің айырмашылығын түсіндіріп, семіздіктің денсаулыққа әсеріне назар аударды.

Бірінші типті диабет: Өмір салтына тікелей байланысты емес

Маманның айтуынша, балалар арасында қант диабетінің екі негізгі түрі кездеседі. Алайда олардың пайда болу себептері бірдей емес.

Бірінші типті қант диабеті кезінде ұйқы безіндегі инсулин өндіретін жасушалар зақымданады. Бұған ағзаның өз жасушаларына қарсы бағытталған аутоиммундық үдерістер әсер етуі мүмкін. Соның салдарынан инсулин өндіру бұзылып, ағзаға қандағы глюкоза деңгейін реттеу қиындайды. Бұл ауру баланың көп тәтті жеуінен, артық салмағынан немесе аз қозғалуынан тікелей туындамайды. Сондықтан бірінші типті диабеттің пайда болуына ата-ананың баланы дұрыс тамақтандырмауын себеп ретінде көрсету дұрыс емес, - деп түсіндірді дәрігер елордада өткен балалар денсаулығына арналған баспасөз конференциясының кулуарында берген сұхбатында. 

Екінші типті диабет балалар арасында да кездеседі

Екінші типті қант диабетінің даму механизмі өзгеше. Оның пайда болуына артық салмақ, семіздік, қозғалыстың аздығы және басқа да метаболизмдік факторлар ықпал етуі мүмкін.

Бұрын екінші типті қант диабеті негізінен ересектерге тән ауру ретінде қарастырылса, қазір ол балалардың денсаулығына қатысты маңызды мәселелердің біріне айналып отыр.

Айдана Қырықбаева балалар арасындағы артық салмақ пен семіздікке ерекше назар аудару қажеттігін атап өтті. Оның айтуынша, семіздіктің себептері әртүрлі болуы мүмкін. Олардың арасында сирек кездесетін синдромдық түрлері де бар. Сонымен бірге дәрігерлер тәжірибесінде артық салмағы бар балалар жиі кездеседі.

Мұндай жағдайларға жоғары калориялы тағамдарды шамадан тыс тұтыну және дене белсенділігінің төмендігі әсер етуі мүмкін. Балалардың ұзақ уақыт бойы отырықшы қалыпта болуы да артық салмақ мәселесін ушықтырады.

Семіздік баланың болашақ денсаулығына қалай әсер етеді?

Артық салмақты тек сыртқы келбетке қатысты мәселе ретінде қабылдауға болмайды. Балалық шақтағы семіздік кейінгі өмірде бірқатар созылмалы аурулардың даму қаупін арттыруы мүмкін.

Олардың қатарында:

  • екінші типті қант диабеті;
  • артериялық гипертензия;
  • зат алмасу бұзылыстары бар.

Сондықтан баланың тамақтануына, дене белсенділігіне және жалпы денсаулығына көңіл бөлу маңызды. Егер баланың салмағына қатысты алаңдаушылық болса, ата-ана дәрігермен кеңескені жөн. Баланың салмағын бағалау кезінде оның жасы, бойы және өсу қарқыны ескерілуі керек.

Сонымен қатар бірінші типті қант диабеті мен екінші типті қант диабетін шатастырмау маңызды. Бірінші типті диабеттің алдын алу үшін баланың тәтті жеуін шектеу немесе оны көбірек қозғалысқа ынталандыру жеткілікті емес. Ал екінші типтің даму қаупін азайтуда дұрыс тамақтану, тұрақты дене белсенділігі және салауатты өмір салты маңызды рөл атқарады, - деді Айдана Қырықбаева.

Дәрігердің айтуынша, балалардың денсаулығына қатысты мәселелерге ерте назар аудару қажет. Әсіресе артық салмақ пен семіздікке бейжай қарамай, қажет болған жағдайда маман көмегіне жүгінген дұрыс.

Наверх