Қазақстанда 4,7 мыңнан астам адам ағза ауыстыруға мұқтаж

Елімізде 16,1 мың адам ғана қайтыс болғаннан кейінгі донорлыққа келісім берген.

 ©BAQ.KZ/Бауыржан Жуасбаев 22 Шілде 2026, 13:07
22 Шілде 2026, 13:07
114
Фото: ©BAQ.KZ/Бауыржан Жуасбаев

Елімізде 172 мыңнан астам азамат eGov порталы арқылы қайтыс болғаннан кейінгі донорлыққа қатысты өз ұстанымын ресми түрде тіркеген. Алайда олардың 156,1 мыңы донорлықтан бас тартса, тек 16,1 мың қазақстандық қана келісім берген. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігі мәлімдеді.

Ведомствоның мәліметінше, 2026 жылдың алғашқы алты айында Қазақстанда 150 ағза трансплантациясы жасалған. Оның ішінде 108 бүйрек, 31 бауыр, 5 жүрек, 2 өкпе және 4 қасаң қабық трансплантациясы бар. Оның 121-і тірі донорлардан, ал 29-ы қайтыс болғаннан кейінгі донорлардан алынған ағзалар арқылы жүргізілген.

Сондай-ақ алты ай ішінде қайтыс болғаннан кейінгі 108 әлеуетті донор анықталған. Оның жетеуінде кейінгі трансплантация үшін бірнеше ағзаны бір мезгілде алу рәсімі жүргізілген.

Сонымен қатар Денсаулық сақтау министрлігінің дерегі соңғы жылдары донорлық саласында оң өзгерістер байқалып отырғанын көрсетеді. Мәселен, 2023 жылы республика бойынша қайтыс болғаннан кейінгі 49 әлеуетті донор анықталса, 2024 жылы олардың саны 86-ға, ал 2025 жылы 186-ға жеткен. Бұл алдыңғы жылдармен салыстырғанда үш еседен астам көп.

2024 жылы 6 донорлық үдеріс ұйымдастырылса, 2025 жылы олардың саны 18-ге дейін артқан. Соның нәтижесінде өмірлік маңызды ағзаларға 68 трансплантация жасалған.

Еске салайық, биылғы 21 мамырдағы жағдай бойынша трансплантацияны күту тізімінде 4 739 пациент тұр, оның ішінде 125-і – балалар.

Олардың 4 208-іне бүйрек, 293-іне бауыр, 208-іне жүрек, 30-на өкпе, ал 5 адамға «жүрек – өкпе» кешенінің трансплантациясы қажет.

Трансплантологияны дамыту тек инфрақұрылымды жетілдірумен және медициналық технологияларды дамытумен шектелмейді. Қоғамның сенімі, азаматтардың ақпараттануы, сондай-ақ қайтыс болғаннан кейінгі донорлықтың бірден бірнеше адамның өмірін сақтап қалуға мүмкіндік беретінін түсінуі де аса маңызды, – деп атап өтті Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова.

 
 
Наверх