Қазақстанда 2026 жылдың II тоқсанында 444,6 мың адам жұмыссыз ретінде тіркелген. Жұмыссыздық деңгейі 4,5%-ды құрады. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі ресми сауалға берген жауабында мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, өңірлер бөлінісінде жұмыссыздық деңгейі ең жоғары көрсеткіштердің бірі батыс және оңтүстік өңірлерде байқалады.
Атап айтқанда, Маңғыстау облысында жұмыссыздық деңгейі 5%-ды құрап, республика бойынша ең жоғары көрсеткішке жеткен. Атырау, Жамбыл және Павлодар облыстарында бұл көрсеткіш 4,8%-ды құрады.
Жұмыссыздықтың негізгі себептері қандай?
Министрліктің мәліметінше, өңірлердегі жұмыссыздық деңгейіне экономиканың құрылымы, демографиялық ахуал және еңбек нарығындағы сұраныс сияқты факторлар әсер етеді.
Маңғыстау және Атырау облыстарында экономиканың мұнай-газ секторына бағытталуы негізгі факторлардың бірі болып отыр. Өндірістің автоматтандырылуы және мұнай саласындағы ірі жобалардың аяқталуына байланысты мердігер ұйымдардағы жұмыс орындарының қысқаруы еңбек нарығына әсер етеді.
Сонымен қатар жергілікті тұрғындардың жоғары жалақы ұсынылатын мұнай саласында жұмыс істеуге басымдық беруі, ал басқа салалардағы жұмыс орындарына сұраныстың төмен болуы да себептердің бірі ретінде көрсетілген.
Жамбыл облысында демографиялық өсімнің жоғары болуы еңбек нарығына жыл сайын көп жастың қосылуына ықпал етеді. Бұған қоса, өңірде ауыл шаруашылығы мен құрылыс салаларындағы маусымдық жұмыстың үлесі жоғары.
Жұмыссыздықты азайту үшін қандай шаралар қабылданып жатыр?
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жұмыссыздық деңгейін төмендету мақсатында бірқатар белсенді шараларды жүзеге асырып жатыр.
Атап айтқанда, жастарды жұмыспен қамту үшін «Жастар практикасы» және «Алғашқы жұмыс орны» жобалары іске асырылып жатыр. Бұл бағдарламалар жоғары және орта арнаулы оқу орындарын жаңадан бітірген түлектерге алғашқы еңбек тәжірибесін жинауға мүмкіндік береді. Жоба аясындағы жалақы мемлекет тарапынан субсидияланады.
Сондай-ақ «Күміс жас» және «Контракт ұрпақтар» жобалары арқылы азаматтарды жұмыспен қамту шаралары жүзеге асырылуда.
Бұдан бөлек, азаматтарға сұранысқа ие мамандықтар бойынша тегін қайта даярлау және біліктілігін арттыру курстары ұсынылады. Бос жұмыс орындарын тұрғындар «Enbek.kz» цифрлық экожүйесі арқылы онлайн режимде іздей алады.
Министрлік жұмыссыз азаматтардың кәсіп бастауына да қолдау көрсетеді. Әсіресе әлеуметтік осал топтар мен жастарға бизнес-идеяларын жүзеге асыру үшін қайтарымсыз гранттар және жеңілдетілген 2,5%-дық шағын несиелер беріледі.