Мемлекет басшысының көлік инфрақұрылымын дамыту, жолдардың сапасын жақсарту және елді мекендердің көлік қатынасына қолжетімділігін арттыру жөніндегі тапсырмалары аясында жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Биыл 388 жоба аясында жергілікті маңызы бар 2,4 мың шақырым жол жөндеумен қамтылды. Қазіргі уақытта 2,3 мың шақырым жолдағы жұмыстар аяқталуға жақын. Жөндеу жұмыстарының ең үлкен көлемі Жетісу облысына – 281 шақырым, Қарағанды облысына – 240 шақырым, Ақтөбе облысына – 225 шақырым, Түркістан облысына – 204 шақырым және Солтүстік Қазақстан облысына – 187 шақырым тиесілі.
Бірқатар өңірде туристік және тарихи-мәдени нысандарға қатынауды жақсартуға бағытталған жобалар жүзеге асырылып жатыр. Мәселен, Ақтөбе облысында «Қасқыр сарқырамасы» туристік нысанына апаратын ұзындығы 4,7 шақырым жолды, сондай-ақ Әбіш батыр кесенесіне баратын 12,5 шақырым кірме жолды жөндеу жұмыстары аяқталуға жақын.
Шығыс Қазақстан облысында Шыбынды көлге апаратын ұзындығы 4,6 шақырым кірме жолға орташа жөндеу жүргізу жұмыстары аяқталу сатысында. Ұлытау облысында Сәтбаев – Малшыбай – Жошы хан кесенесі – Домбауыл бағытындағы ұзындығы 19,5 шақырым автомобиль жолының құрылысы аяқталуға жақын.
Бұл жобалардың аяқталуы табиғи көрікті жерлер мен тарихи нысандарға қатынауды жақсартуға, тұрғындар мен туристер үшін қолайлы жағдай жасауға, сондай-ақ ішкі туризмді дамытуға мүмкіндік береді.
Жалпы, жергілікті жол желісіндегі жобаларды жүзеге асыру жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыруға, елді мекендер арасындағы көлік қатынасын жақсартуға және өңір тұрғындары үшін қатынаудың қолайлы жағдайларын қамтамасыз етуге бағытталған.