19 қыркүйекте Қазақстанның барлық өңірінде World Cleanup Day халықаралық экологиялық акциясына орай ауқымды тазалық іс-шаралары ұйымдастырылады.
Іс-шара «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық бастамасы аясында өтеді. Оған ел тұрғындары, еріктілер, жастар, мемлекеттік органдардың, қоғамдық ұйымдардың және бизнес өкілдері қатысады.
Акцияның негізгі мақсаты – қалалар мен табиғи аумақтардың тазалығын қамтамасыз ету, қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарау мәдениетін қалыптастыру және азаматтарды экологиялық бастамаларға белсенді қатысуға шақыру.
19 қыркүйекте еліміздің барлық өңірінде қоғамдық және табиғи аумақтарды, жағалауларды, саябақтарды және басқа да орындарды қоқыстан тазартуға бағытталған іс-шаралар өтеді.
Экология және табиғи ресурстар министрлігінің мәліметінше, World Cleanup Day – тек қоршаған ортаны тазарту акциясы емес. Бұл әр азаматтың табиғатқа деген жауапкершілігін іс жүзінде көрсетуге және туған елінің тазалығын сақтауға үлес қосуға мүмкіндік беретін халықаралық бастама.
Министрлік барша қазақстандықтарды World Cleanup Day акциясына қатысуға шақырды.
19 қыркүйекте бізге қосылыңыз! Қарапайым нәрседен бастайық – тұратын жерімізді тазалаудан. Таза Қазақстан әрқайсымыздан басталады!, – деп атап өтті ведомство.
Осылайша, 19 қыркүйекте Қазақстанның түкпір-түкпірінде тұрғындар ортақ мақсат – қоршаған ортаны таза ұстау және экологиялық мәдениетті нығайту жолында бірлесіп әрекет етеді.