Қазақстанда пайдаланылмай жатқан және заңнама талаптарын бұза отырып берілген ауыл шаруашылығы жерлерін мемлекет меншігіне қайтару жұмыстары жалғасып жатыр. 2026 жылға белгіленген 1 млн гектар жоспардың орнына 1,2 млн гектар жер мемлекетке қайтарылды. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Жер ресурстарын басқару комитетінің төрағасы Мұрат Теміржанов мәлімдеді.
Оның айтуынша, жерді қайтару жұмыстары жерді мемлекет меншігіне алумен шектелмейді. Негізгі мақсат – қайтарылған аумақтарды тиімді пайдаланып, ауыл тұрғындары мен ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерінің қажеттілігін қамтамасыз ету.
Биыл аумақтық бөлімшелер 1 млн гектардан астам жерде мыңнан аса жоспардан тыс тексеру жүргізген. Нәтижесінде 884 мың гектар жердегі заң бұзушылықтарды жою туралы 715 нұсқама берілді. Ал 211 мың гектар жерді мәжбүрлеп алып қоюға қатысты материалдар сотта қаралып жатыр.
Қайтарылған жерлерді қайта бөлу де жалғасуда. Қыркүйек айының басындағы жағдай бойынша 13,5 млн гектар жер қайта бөлінген. Оның 5,5 млн гектары жергілікті халықтың ортақ пайдалануына, 8 млн гектары агроөнеркәсіптік кешен субъектілеріне конкурстық негізде берілді.
Сонымен қатар 10 мыңнан 50 мың гектарға дейінгі ірі жер алқаптарын шаруашылық айналымына енгізуге басымдық беріліп отыр. Бұл ауылдық жерлерде, оның ішінде жыл бойы жұмыс істейтін жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді.
2026 жылғы шілдеде «Топырақты қорғау туралы» заң күшіне енді. Құжат жердің құнарлылығын сақтауға және жер пайдаланушылардың жауапкершілігін арттыруға бағытталған.
Биыл 7 млн гектар аумақта топырақ, 7,5 млн гектарда геоботаникалық және 4 млн гектарда агрохимиялық зерттеулер жүргізілді. Зерттеу нәтижесінде қалпына келтіруді қажет ететін 2,7 млн гектар деградацияға ұшыраған жер анықталды.
2027 жылғы 1 қаңтардан бастап ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерін бөлу толық электрондық форматқа көшіріледі. Жаңа жүйе алдымен Ақмола және Жетісу облыстарында пилоттық режимде сынақтан өткізіледі.
Сондай-ақ ауыл шаруашылығы жерлерін жеке меншікке беруге қатысты мораторийді 2031 жылдың соңына дейін ұзарту туралы түзетулер әзірленді.
Мұрат Теміржановтың айтуынша, жерлерді қайтару және қайта бөлу жұмыстары Мемлекет басшысының тапсырмаларына сәйкес жалғаса береді.