Қазақстанда 106 жасқа келген зейнеткер бар: Ғасыр жасаған 44 қария туралы не белгілі?

30 Қыркүйек 2026, 12:26
АВТОР
 ©BAQ.KZ коллажы 30 Қыркүйек 2026, 12:26
30 Қыркүйек 2026, 12:26
212
Фото: ©BAQ.KZ коллажы

1 қазан – Қазақстанда Қарттар күні атап өтіледі. Бұл мереке – аға буынның өмірлік тәжірибесі мен ел дамуына қосқан үлесін ұлықтайтын ерекше күн. Бүгінде елімізде 2,4 миллионнан астам азамат зейнетақы алады. Олардың арасында ғасыр жасаған 44 қария бар. Ең жасы үлкен зейнеткер – 106 жаста. Бұл туралы BAQ.KZ хабарлайды.

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының мәліметінше, қазіргі таңда Қазақстан бойынша 2,4 миллионнан астам азамат зейнетақы төлемдерін алады. Гендерлік құрылымға сәйкес, зейнеткерлердің 64 пайызы – әйелдер, ал 36 пайызы – ерлер. Яғни зейнетақы алушылардың үштен екісіне жуығын әйелдер құрайды.

Елімізде 100 жастан асқан 44 зейнеткер тұрады. Олардың арасында ең жасы үлкен әйел Шымкент қаласында тұрады. Бүгінде 106 жастағы кейуана отбасының ортасында жақындарының мейірімі мен қамқорлығына бөленіп отыр.

Ал ер азаматтар арасындағы ең жасы үлкен зейнеткер – Алматы қаласының тұрғыны, 104 жастағы Зұлқарнай Сейітов.

Ол – Ұлы Отан соғысының ардагері, биология ғылымдарының докторы, профессор әрі академик. Зұлқарнай Сейітов Сталинград шайқасынан бастап Берлинге дейінгі майдан жолын жүріп өткен.

Соғыстан кейін бар ғұмырын ғылым мен педагогикаға арнап, ондаған жыл бойы жемісті еңбек етті. Ғалымның 150-ден астам ғылыми еңбегі, монографиялары мен оқу құралдары жарық көрген.

Зұлқарнай Сейітов «Қызыл Жұлдыз», II дәрежелі «Отан соғысы» ордендерімен, сондай-ақ «Сталинградты қорғағаны үшін» және «Ерлігі үшін» медальдарымен марапатталған.

Ғасыр жасаған қазақстандықтардың өмір жолы – бірнеше дәуірдің куәсі болған ұрпақтың тағылымды тарихы. Олардың маңдай терімен атқарған еңбегі, қайсарлығы мен кәсіби жетістіктері ел дамуының қалыптасуына елеулі үлес қосты.

Наверх